Кредиттік тарихты бағалау тәртібі өзгереді

Желіде бөлісу

Қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша ломбардтағы қарызды уақытында өтемеу, өсімпұл мен айыппұлдардың есептелуі азаматтың кредиттік тарихында көрініс табады. Бұл кейін ипотека, автонесие немесе банк арқылы басқа да қарыз рәсімдеу кезінде қосымша қиындықтар туғызуы мүмкін.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, кепілге мүлік қойып алынған микрокредит туралы ақпарат кредиттік есептен толықтай алынып тасталмайды. Қарыз толық өтелгенге дейін оның мәртебесі кредиттік бюроларда сақталады. Алайда мұндай қарыз бойынша төлемді кешіктіру күндері, есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар енді кредиттік тарихта жағымсыз көрсеткіш ретінде көрсетілмейді.

Агенттік мұны ломбард қызметінің ерекшелігімен түсіндіреді. Ломбард беретін микрокредит толықтай кепілзатпен қамтамасыз етіледі. Көп жағдайда кепіл ретінде алтын әшекейлер, тұрмыстық техника немесе басқа да бағалы заттар қабылданады. Егер клиент белгіленген мерзімде қарызын өтемесе, ломбард кепілге қойылған мүлікті өз меншігіне өткізеді. Заң бойынша мұндай жағдайда ұйым қарыз алушыдан қосымша төлем немесе берешекті өндіріп алуды талап ете алмайды.

Осыған қарамастан, бұрын мұндай кешіктірулер де кредиттік тарихқа енгізіліп, азаматтың қаржы ұйымдары алдындағы беделіне кері әсер етіп келген. Енді бұл тәжірибе өзгермек.

Дегенмен, жаңа норма барлық азаматқа несие міндетті түрде беріледі дегенді білдірмейді. Банктер мен басқа да қаржы ұйымдары бұрынғыдай қарыз алушының ресми табысын, жалпы борыштық жүктемесін, қолданыстағы несиелерін, ай сайынғы төлем қабілетін және жалпы төлем тәртібін кешенді түрде бағалай береді.

Сонымен қатар, ҚНРДА кредиттік бюролар жинайтын жеке мәліметтердің көлемін қысқартуды ұсынып отыр. Өзгерістерге сәйкес, кредиттік тарихы әлі қалыптаспаған азаматтар туралы есептерден нақты тұрғылықты мекенжайы, туған жері және жеке басын куәландыратын құжаттардың деректері алынып тасталады. Оның орнына тек азаматтың тұратын өңірі ғана көрсетіледі.

Заңды тұлғаларға қатысты да талаптар жеңілдетіледі. Кредиттік бюролар енді компанияның нақты заңды мекенжайы мен мемлекеттік тіркеу күнін көрсетпейді. Негізгі сәйкестендіру құралы ретінде тек бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН) пайдаланылады.

Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер азаматтардың жеке деректерін қорғауды күшейтуге бағытталған. Өйткені ақпараттық жүйелерде сақталатын артық деректер азайған сайын, мәліметтердің сыртқа таралуы немесе кибершабуыл кезінде келетін ықтимал зиян да төмендейді.

Әзірге бұл – қаулы жобасы ғана. Өзгерістер құжат ресми түрде қабылданып, заңды күшіне енгеннен кейін ғана қолданысқа енгізіледі.

Scroll to Top