Көкшетауда 152 млн теңге субсидия жымқырғандарға үкім шықты

Желіде бөлісу

Көкшетауда ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген қомақты бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша атышулы іске нүкте қойылды. Екі жылға созылған заңсыз схема салдарынан мемлекетке 152 млн теңге көлемінде шығын келген.

Тергеуді Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі-нің Ақмола облысы бойынша департаменті жүргізді. Анықталғандай, «МолПродЖаркаин» ӘКК директоры Ефимкина А.С. мен «Рассвет» шаруа қожалығының басшысы Маслов А.В. сүт өндірісін субсидиялау бағдарламасын жеке пайдасына пайдаланған.

Жалған құжат, жоқ мал, «қағаз жүзіндегі» сүт

Іс материалдарына сәйкес, «Рассвет» қожалығында есеп бойынша көрсетілген көлемде сүт өндіруге жететін мал басы болмаған. Соған қарамастан, электронды шот-фактуралар жүйесінде 3 миллион килограмнан астам шикі сүт «МолПродЖаркаинге» жеткізілгені туралы жалған құжаттар рәсімделген.

Осы «қағаз жүзіндегі» жеткізілімдер негізінде сүтті сары май мен қатты ірімшікке өңдеу жөнінде есептер дайындалып, мемлекеттен субсидия алу үшін ұсынылған. Нәтижесінде қаржы кәсіпорын шотына аударылып отырған.

Ақшаны жасыру тәсілі

Тергеу барысында алынған қаражаттың бір бөлігі күдіктілердің бірі – Ефимкинаның туысының депозиттік шотына аударылғаны белгілі болды. Кейін бұл қаражатқа мобильді ғимарат сатып алынып, ол жалға беріліп, қосымша табыс көзіне айналған.

Құқық қорғау органдары бұл әрекетті қылмыстық табысты заңдастыру және жасыру тәсілі ретінде бағалады.

Қомақты мүлікке тыйым салынды

Тергеу кезінде 6 жер учаскесіне, 4 пәтерге, 11 автокөлікке, мобильді ғимаратқа және өндірістік мақсаттағы нысанға тыйым салынды. Сот үкімімен мобильді ғимарат мемлекет кірісіне тәркіленді. Қалған мүлікке салынған шектеу азаматтық талап толық орындалғанға дейін күшінде болады.

Сот шешімі

Сот шешімімен Маслов пен Ефимкина 6 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген.

Мамандардың айтуынша, бұл іс – агроөнеркәсіп саласындағы субсидияларды бөлу және игеру барысында бақылаудың маңызын тағы бір мәрте көрсетіп отыр. Мемлекеттік қолдау шаралары нақты өндіріске бағытталуы тиіс, ал заңсыз әрекеттерге барғандар міндетті түрде жауапқа тартылады.

Scroll to Top