Алматыда халықаралық есірткі арнасы әшкереленді: 8 келі метамфетамин тәркіленді

Желіде бөлісу

Алматы қаласында халықаралық деңгейдегі антинаркотикалық арнайы операция жүргізілді. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті шетелдік серіктес мемлекеттің құзырлы органдарымен бірлесіп өткізген іс-шара нәтижесінде ірі көлемдегі синтетикалық есірткі айналымының жолы кесілді.

Ресми мәліметке сәйкес, арнайы операция барысында 8 келі «метамфетамин» синтетикалық заты алынған сәтте Қазақстан Республикасының азаматы ұсталды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Сот санкциясымен күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше, мұндай бірлескен халықаралық операциялар есірткі тасымалының трансұлттық арналарына тосқауыл қоюға және ел қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.

Айта кетейік, синтетикалық есірткілер соңғы жылдары қоғам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіріп отыр. Сондықтан құзырлы органдар заңсыз айналымға қарсы күресті күшейтуді жалғастыруда.

Scroll to Top