Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік апат: прокурор Zeekr жүргізушісіне 10 жыл түрме жазасын сұрады

Желіде бөлісу

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған резонанстық жол-көлік оқиғасына қатысты сот процесі жарыссөз кезеңіне өтті. Мемлекеттік айыптаушы апатқа кінәлі деп танылған жүргізушіге 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Прокурордың айтуынша, сотталушы Александр Пактың кінәсі іс материалдарымен толық дәлелденген. Тергеу деректеріне сәйкес, ол көлікті мас күйінде басқарып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған әрі рұқсат етілген жылдамдықтан бірнеше есе асып кеткен.

Сараптама қорытындысы бойынша, Zeekr көлігінің соқтығыс сәтіне дейінгі жылдамдығы шамамен сағатына 219 шақырым болған. Айыптаушы мұндай әрекетті абайсыздық емес, жолдағы барлық адамға қасақана қауіп төндіру деп бағалады.

«Қала ішінде, түнгі уақытта және алкогольдік масаң күйде көлікті мұндай жылдамдықпен жүргізу – аса ауыр жауапсыздықтың көрінісі. Бұл іс бойынша шығарылатын үкім жолды жарыс алаңы деп қабылдайтындарға нақты ескерту болуы тиіс», – деді прокурор сот отырысында.

Жәбірленуші тарап өкілдері қайғылы оқиғаның салдарын әлі де ауыр қабылдап жүргендерін айтты. Соған қарамастан олар жүргізушіні адамгершілік танытып кешіргендерін жеткізді. Алайда кінәлі азамат заң алдында толық жауап беруі керек деген ұстанымдарын білдірді.

Тек апат салдарынан қаза тапқан Томирис Қыдырбаеваның әкесі моральдық және материалдық шығын ретінде ең жоғары көлемдегі өтемақыны – 100 миллион теңге өндіріп беруді сұрады.

Енді қоғам назарын аударған бұл іс бойынша соңғы шешімді сот шығарады.

Scroll to Top