Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған басымдықтар белгіленді.
Премьер-министр Олжас Бектенов баяндама жасап, ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Оның сөзінше, 2025 жылы салық, тариф және бюджет саясаты, цифрлық және құрылыс секторлары, сондай-ақ әлеуметтік саладағы реформалар экономикалық өсімді тежеп отырған құрылымдық дисбаланстарды жоюға бағытталды.
«Салық және бюджет реформалары ұлттық қордан нысаналы трансферттерді алмай-ақ еліміздің үш жылдық бюджетін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бұл шара 2028 жылға қарай бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 0,9 пайызына дейін қысқартуға ықпал етеді. Жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 50 пайыздан 34 пайызға дейін төмендейді», — деді Олжас Бектенов.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 6,5 пайызға жетті. Экономикалық өсімді негізгі салалардың дамуы қамтамасыз етті: көлік – 17,8%, құрылыс – 14,6%, тау-кен өнеркәсібі – 17,4%, өңдеу өнеркәсібі – 12,2%, сауда – 26%, ауыл шаруашылығы – 5,9%.
Отырыста реформалардың басты мақсаты — халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, тұрақты жұмыс орындарын құру және бюджеттік жүйенің тиімділігін арттыру екені атап өтілді. Ел экономикасының орнықты дамуы мен жүйелі реформалар ұзақ мерзімді өркендеудің негізі болып отыр.




