Павлодардағы видеода не болды: ту жанып, елтаңба сындырылған жағдайдың мән-жайы

Желіде бөлісу

Әлеуметтік желілерде Павлодар қаласындағы мектеп ауласында түсірілген видео тарады. Кадрларда педагогтар мемлекеттік туды өртеп, елтаңбаны балғамен сындырып жатқандай көрінеді. Бұл көрініс желі қолданушылары арасында түрлі сұрақ туғызды.

Аталған оқиға 5 ақпан күні Машһүр Жүсіп атындағы мектептің ауласында болғаны анықталды. Видеода бір топ адамның туды шелекке салып өртегені, ал кейін бірнеше адамның елтаңбаны балғамен ұрып, сынықтарын полиэтилен пакетке жинағаны байқалады.

Алайда білім бөлімі бұл әрекет заң бұзушылық емес екенін мәлімдеді. Белгілі болғандай, мектепте арнайы комиссия мемлекеттік стандарттар мен техникалық талаптарға сай келмейтін нышандарды жою жұмыстарын жүргізген. Утилизация белгіленген тәртіпке сай атқарылып, тиісті актімен рәсімделген. Ал видео тек есеп беру мақсатында түсірілген.

Павлодар қалалық білім бөлімінің хабарлауынша, бейнежазба қызметтік қажеттілік үшін ғана жасалған және көпшілікке таратуға арналмаған. Ұйымдастыру мен бақылаудың жеткіліксіз болуына байланысты мектеп директорына қатаң сөгіс жарияланған. Мемлекеттік рәміздерді жою — аса нәзік мәселе, сондықтан мұндай процестер барынша ұқыпты жүргізіліп, әлеуметтік желілерге шығарылмауы тиіс екені атап өтілді.

https://vt.tiktok.com/ZSmLNNL65/

Қызметтік видеоны әлеуметтік желіге кім жариялағаны әзірге анықталған жоқ.

Мемлекеттік рәміздер қалай утилизацияланады

Тозған немесе стандартқа сәйкес келмейтін ту мен елтаңбаны олар орнатылған ғимараттардың иелері ауыстыруға міндетті. Ол үшін арнайы комиссия құрылады.

Жою тәсілдері

Мемлекеттік рәміздер қайта пайдалануға келмейтіндей етіп жойылады:
• өртеледі;
• балқытылады;
• ұсақ бөліктерге бөлінеді (әр бөлігі 2,5 шаршы сантиметрден аспауы тиіс);
• пішінсіз массаға немесе ұнтаққа айналдырылады.

Ережені бұзғаны үшін жауапкершілік

Рәміздерді дұрыс жоймау — оларды заңсыз пайдалану болып саналады.
Бұл үшін 50 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған (2026 жылы — 216 250 теңге).

Ал мемлекеттік рәміздерді қорлау қылмыстық жауапкершілікке әкеледі:
• 3 000 АЕК-ке дейін айыппұл (12 975 000 теңге);
• немесе түзету/қоғамдық жұмыстар;
• не болмаса 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысының Ұйғыр ауданында мемлекеттік туды және шетелдік мемлекет басшысының бейнесін өртеген адамдар тобы ұсталып, 12 адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған болатын.

Scroll to Top