Қонаев қаласында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері екі балықшыны құтқарып қалды. Оқиға Қапшағай су қоймасында, қаланың 7-ші жағажайы маңында болған.
Алдын алу шаралары аясындағы кезекті рейд кезінде құтқарушылар жағадан шамамен 1,5 шақырым қашықтықта мұз айырылып, бір бөлігінде отырған екі адамды байқайды. Сол сәтте 112 бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметіне зардап шеккендердің өздерінен де қоңырау түскен.
Оқиға орнына жедел жеткен мамандар арнайы әуе жастықшалы қайықтың көмегімен балықшыларды жағаға аман-есен жеткізді. Құтқарылған азаматтарға медициналық көмек қажет болмады.
Төтенше жағдайлар министрлігі мұз еритін маусымда су айдынына шығу қауіпті екенін ескертті. Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және өз өмірлерін қатерге тікпеуге шақырды.



