Қазақстан Ішкі істер министрлігі Атырау облысында болған жантүршігерлік қос кісі өлтіру ісіне байланысты күдіктінің Индонезияда қолға түскенін мәлімдеді. Арнайы операция шетелдік әріптестермен бірлесіп жүргізілген.
Тергеу мәліметінше, күдікті Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында ұсталған. Онымен бірге бұрын хабар-ошарсыз кеткен ретінде халықаралық іздеуге жарияланған бұрынғы жұбайы да анықталған.
Құқық қорғау органдарының дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың қараша айында Атырау облысында күдікті ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдар мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлаған. Қылмысты жасағаннан кейін ізін жасыру мақсатында марқұмдардың денелерін қора-жайдың астына көміп, қан іздерін жойып, олардың мүлкі мен ақшалай қаражатын иемденген.
Қазір күдіктіні және онымен бірге табылған әйелді Қазақстанға депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр.
Отбасының жоғалуы қоғамды алаңдатты
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 6 қаңтарда Атырау облысы Жангелдин ауылында 66 жастағы ер адам мен оның 64 жастағы жұбайының мәйіттері сарай астынан табылған еді.
Марқұмдардың үш баласы бар: 35 және 30 жастағы екі қызы, сондай-ақ 32 жастағы ұлы. Ресми түрде ерлі-зайыптылар мен олардың екі баласы 2025 жылғы 25 желтоқсанда іздеуге жарияланған. Алайда туыстары олармен байланыс одан әлдеқайда ертерек – қараша айында үзілгенін айтқан.
Айта кетерлігі, отбасының 30 жастағы кенже қызы тек 7 қаңтарда ғана іздеуге жарияланған. Бұл жайт қоғамда түрлі сауал туғызды. Себебі оның жұбайы дәл осы қос кісі өлтіру ісі бойынша негізгі күдікті ретінде қарастырылып отыр.
Қазіргі таңда ерлі-зайыптылардың бес баласы күйеуінің туыстарының қамқорлығына алынған.
Тергеу амалдары жалғасуда. Құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын жан-жақты анықтап, кінәлілер заң алдында жауап береді деп мәлімдеді.



