Қазақстанда 12 наурыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 31-бабына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді. (ақпарат көзі – Polisia.kz).
Ведомствоның түсіндіруінше, түзетулер жаңа Цифрлық кодекстің қабылдануына байланысты енгізілген. Яғни, жаңа тыйымдар қосылмайды — қолданыстағы талаптар сол күйінде қалады. Тек құқық бұзушылықтарды анықтаудың техникалық мүмкіндіктері кеңейтіледі.
Бұған дейін қауіпсіздік белдігін тақпау немесе көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану сияқты заң бұзушылықтар полиция қызметкерінің тікелей бақылауымен ғана тіркелетін. Енді бұл әрекеттерді заманауи бейнебақылау жүйелері автоматты түрде анықтай алады.
Қандай өзгерістер болады?
Бұрын автоматты режимде 6 түрлі құқық бұзушылық тіркелетін:
-
жылдамдықты арттыру;
-
бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту;
-
жол белгілері мен таңбаларын сақтамау;
-
көлікті дұрыс тоқтатпау немесе тұраққа қою;
-
басып озу және жолда орналасу ережелерін бұзу;
-
жаяу жүргіншілерге жол бермеу.
Енді бұларға қоса, камералар:
-
көлік тізгінінде телефон қолдануды;
-
қауіпсіздік белдігін тақпауды
сияқты арнайы өлшеуді қажет етпейтін өзге де заң бұзушылықтарды тіркей алады.
Сонымен қатар мемлекеттік дерекқорлар ЕРАП жүйесімен біріктіріліп, құжаттарға қатысты құқық бұзушылықтар автоматты түрде анықталады. Мысалы:
-
техникалық байқаудан уақытылы өтпеу;
-
міндетті сақтандыру полисінің болмауы;
-
қару сақтау рұқсаты мерзімінің өтуі және басқа да осыған ұқсас жағдайлар.
Ескерту де автоматты түрде беріледі
Заңда ескерту қарастырылған құқық бұзушылықтар бойынша жүйе автоматты түрде шешім шығара алады. Бұрын мұндай жағдайда полиция қызметкері хаттама толтырып, рәсімдеуді қолмен жүргізетін.
Мысалы:
-
жолда кептеліс тудыру;
-
сыртқы жарық құралдарын дұрыс пайдаланбау
сияқты бұзушылықтар енді автоматты рәсімделуі мүмкін.
Жаяу жүргіншілерге қатысты ақпарат – шындыққа жанаспайды
Министрлік кейбір БАҚ-та тараған «камералар жаяу жүргіншілерді де жауапкершілікке тартады» деген ақпаратты жоққа шығарды. Жүйе тек көлік құралдарының қатысуымен жасалған жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтауға арналған.
Негізгі мақсат – қауіпсіздік
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, енгізілген өзгерістер қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Цифрлық шешімдер қауіпті әрекеттерді дер кезінде анықтап, ауыр жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Жаңа жүйе – жазалауды күшейту емес, тәртіпті нығайтуға және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға арналған қадам.



