Қазақстанда әскерге шақырудан жалтарған азаматтарға жаппай түрме жазасы қолданылады деген ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Осыған байланысты Даурен Косанов ресми пікір білдірді.
Ақорда кулуарында журналистердің сауалына жауап берген министрдің айтуынша, әскерге шақырту қағазын алғанымен, әскери комиссариатқа келмеген азаматтардың деректері құқық қорғау органдарына жолданады. Одан әрі іс заң аясында қаралады.
Министрдің түсіндіруінше, ең алдымен әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Егер заң талаптары бірнеше рет ескерілмей, әдейі жалтару дерегі анықталса, онда қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі көтерілуі мүмкін. Ал бас бостандығынан айыру туралы шешімді тек сот қабылдайды.
Яғни, «барлық жалтарғандарды бірден түрмеге қамайды» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Әрбір жағдай жеке қаралып, заң шеңберінде тиісті шешім шығарылады.
Әскердегі қауіпсіздік мәселесі де қозғалды
Сондай-ақ, Даурен Косанов қазақстандық әскердегі сарбаздардың қаза табу жағдайына қатысты пікір білдірді. Бейбіт уақытта әскерилер арасындағы өлім-жітім неге жиі кездеседі деген сұраққа министр: «Мұндай жағдайлардан ешкім толық сақтандырылмаған» деп жауап берді.
Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің қауіпсіздігін күшейту, тәртіп пен бақылауды арттыру бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.
Заң талаптарын орындау – әр азаматтың міндеті
Әскерге шақыру – Қазақстан азаматтарының конституциялық міндеті. Мемлекет тарапынан заң бұзушылықтың алдын алу және тәртіпті қамтамасыз ету шаралары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.
Ресми органдар жалған ақпаратқа сенбей, тек құзырлы мекемелердің мәліметіне жүгінуге шақырады.



