Әкімдіктерге қоғамдық орындарды ластағаны үшін айыппұл салу құқығы берілді

Желіде бөлісу

Қазақстанда қоғамдық орындарды ластаған азаматтарға қатысты әкімшілік шара қолдану тәртібіне өзгерістер енгізілді. Енді айыппұл салу құқығы тек полиция қызметкерлеріне ғана емес, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға — яғни әкімдіктерге де берілді.

Бұл өзгерістер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 434-2-бабына енгізілген түзетулер негізінде күшіне енді. Тиісті заңға Мемлекет басшысы өткен жылдың 30 желтоқсанында қол қойған.

Бұған дейін қоғамдық орындарға қоқыс тастағаны немесе абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін хаттаманы тек полиция толтыратын. Енді Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және барлық облыстардың әкімдіктері 434-2 және 505-баптар бойынша әкімшілік хаттама толтырып, айыппұл сала алады.

Экология министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы мұндай құқық бұзушылықтар үшін 591 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде:

  • 189 мыңнан астамы – қоғамдық орындарды ластағаны үшін;

  • 403 мыңнан астамы – абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін.

Жалпы салынған айыппұл көлемі 5,2 миллиард теңгені құрады.

ӘҚБтК-нің 434-2-бабына сәйкес, қоғамдық орындарға қоқыс тастағаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш (43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс қарастырылған. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 20 АЕК-ке (86 500 теңге) дейін өседі немесе 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту жазасы қолданылады.

Осылайша, енгізілген өзгерістер қоғамдық тәртіпті сақтау мен тазалық мәдениетін арттыруға бағытталған.

Scroll to Top