Ақмола облысында отбасын қырып кеткен қанды қылмыс: күдікті ұсталды

Желіде бөлісу

Ақмола облысында жантүршігерлік қылмыс тіркелді. Әлеуметтік желілерде Аршалы ауданына қарасты Жібек Жолы ауылында бір ер адамның өз отбасын – әкесі, анасы және кәмелетке толмаған қарындасын – аса қатыгездікпен өлтірді деген ақпарат тарады.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, марқұмдардың мәйіттері бөлшектеліп, үй маңындағы аумақтан табылған.
Бұл дерекке байланысты ресми түсініктеме берген Ақмола облыстық полиция департаменті күдіктінің «ізін суытпай» ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын растады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында екені айтылды.
Құқық қорғау органдары қаза тапқандардың нақты санына қатысты мәліметті жарияламады. Сондай-ақ полиция өкілдері мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде түрлі қауесет пен расталмаған ақпараттың таралып жатқанын ескертіп, азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.
Ведомство өкілдері жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін еске салды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер әзірге жария етілмейді.

Scroll to Top