Алибек Бакаев Үкімет кулуарында Қазақстанның Ираннан келуі ықтимал босқындар легіне және Ирандағы этникалық қазақтардың тарихи отанына оралу мәселесіне қатысты пікір білдірді.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда Иранда немесе Таяу Шығыстың өзге елдерінде тұратын этникалық қазақтардан Қазақстанға көшу туралы ресми өтініштер түспеген.
«Ең алдымен назар аударатын жайт – олар Иран Республикасының азаматтары. Қазақстан өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау саясатын ұстанады. Сондықтан мұндай мәселе туындаса, алдымен сол азаматтардың ресми өтініші болуы қажет. Әңгіме олардың этникалық тегіне емес, азаматтығына қатысты», – деді ол.
Сондай-ақ вице-министр босқын мәртебесі халықаралық және ұлттық құқықтық нормаларға сәйкес, белгіленген талаптарға сай келген жағдайда ғана берілетінін атап өтті. Қазақстанда мұндай жағдайларға арналған нақты рәсімдер мен іс-қимыл алгоритмдері бар.
«Әрине, тиісті протоколдар бекітілген. Құзырлы мемлекеттік органдар өз міндетін біледі және қажет болған жағдайда тиісті шараларды қабылдайды. Алайда дәл қазір мұндай сұраныс та, нақты сигналдар да жоқ. Мәселе біздің бақылауымызда», – деп түйіндеді спикер.



