Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық нысандарды ерекше бақылауға алуды тапсырды

Желіде бөлісу

Қазақстанда стратегиялық маңызы бар нысандардың қауіпсіздігі арттырылады. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смәдияров хабарлады.

Мемлекет басшысы Премьер-Министрге, күштік құрылымдар жетекшілеріне, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына, ұлттық компанияларға және өңір әкімдеріне тіршілікті қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды.

Атап айтқанда, көлік, энергетика және коммуналдық саладағы стратегиялық объектілер ерекше бақылауға алынады. Олардың қатарында әуежайлар, теңіз және өзен порттары бар.

Қандай нысандарға басымдық беріледі?

халықаралық және аймақтық әуежайларға;

теңіз және өзен порттарына;

электр станциялары мен энергетикалық нысандарға;

су, жылу және басқа да коммуналдық инфрақұрылымға;

теміржол вокзалдары мен ірі көлік тораптарына қатысты болады.

Бұл бағыттағы жұмысты үйлестіру Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов жетекшілік ететін құрылымға жүктелді.

Барлық күштік ведомстволар тәулік бойы жұмыс істейді

28 ақпанда Мемлекет басшысы Иран төңірегіндегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Сол кезде Қауіпсіздік кеңесіне шұғыл әрекет ету жоспарын әзірлеп, елдегі тұрақтылыққа төнуі мүмкін қауіптердің алдын алу шараларын ұсыну тапсырылған.

Қазірдің өзінде Президент тапсырмасымен барлық күштік ведомстволар тәулік бойғы жұмыс режиміне көшірілді. Сонымен қатар, Сыртқы істер министрлігінің үйлестіруімен Үкімет жанынан арнайы мониторингтік топ құрылып, жұмысын бастап кетті. Қабылданып жатқан шаралар – елдің қауіпсіздігін нығайтып, қоғамдық тұрақтылықты сақтау мақсатындағы алдын алу қадамдары.

Scroll to Top