Футболдағы адамгершілік: «Нант» қақпашысы әдейі жарақат алғандай болып, мұсылман ойыншыларға ауыз ашуға мүмкіндік берді
Футбол алаңында тек бәсеке мен жеңіс қана емес, адамгершілік пен құрмет те маңызды орын алады. Жақында Франция чемпионатында болған бір ерекше сәт әлеуметтік желілерде кең таралып, жанкүйерлердің ықыласына бөленді.
Францияның Лига 1 чемпионатында өткен FC Nantes пен Le Havre AC арасындағы матчта «Нант» клубының қақпашысы Anthony Lopes ерекше әрекетімен көпшіліктің назарын аударды.
Ойынның екінші таймында, шамамен 74-минутта қақпашы кенеттен жерге отырып, аяғын ұстап қалғандай кейіп танытады. Төреші ойынды тоқтатып, медициналық қызметкерлер алаңға кіреді. Осы қысқа үзілісті пайдаланып, алаңдағы мұсылман футболшылар алаң жиегіне барып, су ішіп, құрма жеп ауыз ашып үлгереді.
Бірнеше минуттан кейін қақпашы ешқандай ауыр жарақат алмағандай орнынан тұрып, ойынды жалғастыра береді. Кейін белгілі болғандай, бұл әрекет кездейсоқ емес еді — ол Рамазан айында ораза ұстап жүрген командаластарына ауыз ашуға мүмкіндік беру үшін әдейі осындай қадамға барған.
Vox News Albania
Айта кету керек, Франция чемпионатында матчты діни себептермен арнайы тоқтатуға ресми түрде рұқсат берілмейді. Сондықтан қақпашының бұл әрекеті ойыншыларға қысқа үзіліс жасауға мүмкіндік берген жалғыз жол болды.
Vox News Albania
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл көріністі «спорттағы шынайы құрмет пен адамгершіліктің белгісі» деп бағалап, қақпашының әрекетіне алғыс білдірді. Көпшілік үшін бұл футболдың тек гол мен жеңіс емес, адамдық құндылықтарды да дәріптейтін спорт екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Матч соңында «Нант» командасы қарсыласын 2:0 есебімен жеңіп шықты. Бірақ бұл кездесуде ең көп талқыланған сәт – дәл осы қақпашының адамгершілікке толы әрекеті болды.
Футбол кейде бір сәттің өзімен миллиондаған жанкүйердің жүрегін жылыта алады. Ал Anthony Lopes жасаған бұл әрекет спорттағы құрмет пен бауырмалдықтың жарқын үлгісі ретінде есте қалары сөзсіз.
Қақпашының адамгершілігі жұртты тәнті етті



