Кокаинмен ұсталған қазақстандықтар: СІМ мәлімдеме жасады

Желіде бөлісу

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та ірі көлемдегі кокаинмен ұсталған екі қазақстандыққа қатысты жағдайға пікір білдірді. Бұл туралы ресми мәлімдемені министрліктің ресми өкілі Ерлан Жетібаев жасады.

Оның айтуынша, Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі ұсталған азаматтардың құқықтарының сақталуын бақылауда ұстап отыр.

«Біздің АҚШ-тағы дипломатиялық өкілдігіміз ұсталған азаматтардың адвокаттарымен және туыстарымен тұрақты байланыста. Қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатқандықтан, басқа ақпарат жария етілмейді», – деді министрлік өкілі.

Оқиға қалай болды?

Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға Техас штатындағы Чемберс округі аумағында болған. Жергілікті шериф кеңсесінің хабарлауынша, құқық қорғау органдары күдік тудырған көлікті тексеру үшін тоқтатқан.

Тексеру барысында көліктің ішінен шамамен 35 килограмм кокаин табылған. Осыдан кейін көлікті басқарған жүргізуші мен жолаушы ұсталған.

Күдіктілер — Нұрсұлтан Мұхтарали және Мұхит Дәнибеков. Мәліметке сәйкес, жүргізуші Нью-Йорк қаласында, ал жолаушы Пенсильвания штатында тұрған. Екеуі де уақытша қамауға алынып, Чемберс округі түрмесіне жеткізілген.

АҚШ заңнамасы бойынша олар аса ірі көлемде есірткі сақтау және тасымалдау күдігімен айыпталып отыр. Бұл қылмыс АҚШ-та бірінші дәрежелі ауыр қылмыс ретінде қаралады.

Туыстары не дейді?

Ұсталғандардың туыстары олардың кінәсіз екенін айтып отыр. Мұхит Дәнибековтің ағасы Жомарт Дәнибеков әлеуметтік желіде жариялаған үндеуінде бауыры мен оның әріптесі жүк тасымалымен айналысқанын жеткізді.

Оның сөзінше, олар автокөлік тасымалдаумен айналысатын дальнобойщиктер болған және көліктердің бірінде есірткі бар екенін білмеген.

Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Барлық мән-жай толық анықталғаннан кейін ғана нақты шешімді АҚШ соты шығарады.

Scroll to Top