Қазақстанда банктік құпияға байланысты даулы мәселе қоғам назарын аударды. Күйеуінің банктегі қаржысын анықтай алмаған қазақстандық әйелдің арызы енді Конституциялық сот деңгейінде қаралып жатыр.
Мәселенің түп-төркіні – «Банктер және банк қызметі туралы» заңның 50-бабының 4-тармағында. Бұл норма бойынша банктік құпияға жататын мәліметтер тек шот иесіне немесе оның рұқсатымен ғана үшінші тұлғаға беріледі. Яғни, адамның банктегі қаражаты туралы ақпаратты оның келісімінсіз ешкім ала алмайды.
Алайда арызданушы азаматша бұл талаптың отбасылық құқықтарға қайшы келетінін алға тартады. Оның айтуынша, мұндай шектеу ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне қатысты шынайы ақпарат алуға мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан ажырасу кезінде ортақ жинақтың нақты көлемін анықтау қиынға соғады.
Әйелдің айтуынша, ажырасқаннан кейін ол бұрынғы күйеуімен бірге жинаған мүлікті бөлісу үшін сотқа жүгінбек болған. Бірақ некеде тұрған кезде күйеуінің банктерде қанша қаржы жинағанын біле алмаған. Ол банктерден бұл ақпаратты сұратқанымен, екінші деңгейлі банктер банктік құпияға сүйеніп, мәлімет беруден бас тартқан.
Кейін ол сотқа жүгініп, банктерді қажетті ақпаратты беруге міндеттеуді талап етеді. Алайда сот оның талабын қанағаттандырмай, банктік құпия нормасының күшінде екенін алға тартқан.
Осыдан кейін азаматша мәселені Конституциялық сотқа дейін жеткізді. Енді сот «Банктер және банк қызметі туралы» заңның аталған нормасы Конституцияға сәйкес келе ме, жоқ па – соны тексермек.
Конституциялық соттағы отырысқа арызданушы мен оның заңгері, Парламент палаталарының өкілдері, Бас прокуратура, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Әділет министрлігі және бірқатар құқықтық институттардың мамандары қатысты.
Соттың соңғы шешімі алдағы уақытта жарияланады. Егер норма Конституцияға қайшы деп танылса, бұл Қазақстандағы банктік құпияға қатысты ережелерге елеулі өзгеріс әкелуі мүмкін. Яғни, болашақта ерлі-зайыптылардың бірінің банктегі жинақтары туралы ақпаратты екіншісі белгілі бір жағдайларда ала алуы ықтимал.
Бұл іс қоғамда үлкен пікірталас тудырып отыр. Бір тарап банктік құпия – жеке адамның құқығын қорғайтын маңызды норма десе, енді біреулер отбасылық мүлікті әділ бөлу үшін мұндай ақпарат ашық болуы тиіс деп есептейді.



