Зорлау күдігіне ілінген шенеунік БҚО-да көз жұмды

Желіде бөлісу

Батыс Қазақстан облысында кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікке ілінген шенеунік көз жұмды. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті 17 наурыз күні редакцияның ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

Полиция мәліметінше, 11 наурыз күні күдікті денсаулығының күрт нашарлауына байланысты Орал қаласындағы облыстық көпсалалы аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер оған бауырдың токсикалық зақымдануы, бауыр некрозы және инсулинге тәуелсіз қант диабетінің кетоацидозбен асқынуы диагнозын қойған.

Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, 16 наурыз күні кешкі сағат 18:10 шамасында ер адам есін жимастан қайтыс болған. Аталған факт бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу басталып, мән-жайы тексеріліп жатыр. Полиция өкілдері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын айтты.

Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында 68 жастағы шенеунік 16 жастағы қызды алдап үйіне алып барып, зорлық әрекеттерін жасағаны туралы ақпарат тараған болатын. Жәбірленуші қыздың әкесі полицияға арыз жазғаннан кейін күдікті ұсталғанымен, көп ұзамай босатылғанын айтып, тергеудің баяу жүріп жатқанын мәлімдеген.

Ал полиция тарапы бастапқыда қыз бен ер адамның арасында өзара келісім болғанын айтқан. Тергеу барысында олардың хат алмасуы табылғаны да хабарланған. Сонымен қатар жәбірленуші мен оның анасы күдіктіге қатысты шағымданудан бас тартқаны айтылған.

Кейін Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұл іс бойынша тергеу қайта басталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған дейін істі тоқтату туралы қабылданған шешімнің күші жойылып, тергеу органдары істі қайта қарауға кіріскен.

Сондай-ақ ведомство өкілдері тергеу нәтижесіне байланысты істі бұрын жапқан немесе күдіктіні босатқан полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне де баға берілетінін жеткізді. Қажет болған жағдайда қызметтік тексеріс жүргізілуі мүмкін.

Scroll to Top