Солтүстік Қазақстан облысындағы ең ірі су нысандарының бірі — Сергеев су қоймасында су деңгейі шекті межеден асып, тасу процесі басталды. Ресми деректерге сәйкес, су деңгейі қауіпті көрсеткіштен 8 сантиметрге жоғарылаған. Мамандар өңірде тасқынның шарықтау шегі сәуір айының ортасына қарай күтілетінін айтады.
Өңірдегі өзен-көлдердегі жағдай тәулік бойы бақылауда. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су басу қаупі бар елді мекендерді аралап, олардың дайындық деңгейін тексерді. Әсіресе Прибрежное ауылына ерекше назар аударылып, онда арнайы тасқынға қарсы штаб құру тапсырылды. Ауылға баратын облыстық маңызы бар автожолда жөндеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Сондай-ақ аймақ басшысы Заречный кенті мен Петропавл қаласына барып, қорғаныс нысандарының жағдайымен танысты. Оның айтуынша, Қызылжар ауданындағы бөгеттер, Заречныйдағы айналма канал және Петропавлдағы гидротораптағы ахуал толық бақылауда.
Сергеев су қоймасы көлемі жағынан елдегі ірі нысандардың бірі саналады. Оның аумағы шамамен 117 шаршы шақырымды құрайды. Бұл су қоймасы энергетика, коммуналдық қажеттіліктер және суару жүйелері үшін маңызды рөл атқарады.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, елдің шығыс өңірлеріндегі су қоймалары да айтарлықтай толған. Ал синоптиктер Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Ұлытау, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында су тасқыны қаупі жоғары екенін ескерткен. Кей өңірлерде, соның ішінде Есіл өзенінде, су деңгейі қауіпті межеден асып кеткен жағдайлар тіркелген.



