Түркістан облысы еліміздегі жылыжай шаруашылығының ең қарқынды дамыған өңірлерінің бірі саналады. Республикадағы жылыжайлардың 72 пайызы осы аймаққа тиесілі. Жалпы көлемі 1006,7 гектарды құрайтын 3366 бірлік жылыжай халықты жұмыспен қамтып, ішкі нарықты көкөніспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Сарыағаш ауданында 2183 жылыжай жұмыс істейді. Оның ішінде 551,8 гектары (1223 бірлік) көмірмен, 7,5 гектары (3 бірлік) табиғи газбен, ал 247,9 гектары (957 бірлік) қарапайым парниктер ретінде қызмет етеді. Сарапшылар экологиялық жүктемені азайтудың тиімді жолдары ретінде жылыжай қазандықтарына түтін сүзгілерін орнату және табиғи газға кезең-кезеңімен көшу қажеттігін ұсынады. Мұндай сүзгі жүйелерінің құны шамамен 1 гектарға 4–5 млн теңге. Өңірде бұл бағытта нақты шаралар қолға алынуда. Облыстық экология департаменті, табиғатты қорғау прокуратурасы, «Атамекен» ҰКП, «QazaqGaz» АҚ және жылыжай шаруашылықтарының өкілдері бірқатар жұмыс кездесулері өткізіп, мәселеге нақты шешімдер қабылдауда. Сонымен қатар, тәжірибе алмасу мақсатында көрші елдерде орналасқан жылыжай кешендеріне жұмыс сапары ұйымдастырылып, заманауи түтін сүзгілерінің тиімділігі зерделенді. Мемлекет тарапынан жылыжай шаруашылықтарын қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өндірістік жылыжайларға әр гектарға 8,1 млн теңге, фермерлік жылыжайларға 4,8 млн теңге көлемінде субсидия қарастырылған. 2023 жылдан бастап электр энергиясы, газ және көмір шығындарын ішінара субсидиялау тетігі енгізілді. Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жылыжайларды жаңғыртуға жеңілдетілген несиелер ұсынылуда. Қазіргі таңда түтін сүзгілерін орнатуға қатысты 100-ден астам өтінім түскен. Жалпы, Түркістан облысында жылыжай шаруашылығын дамыту мен экологиялық талаптарды сақтау қатар жүргізілуде. Бұл жұмыстар өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халықтың өмір сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қосады.



