Қасым-Жомарт Тоқаевтің Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесуі – жай ғана сапар емес, ғасырлар бойы үзілмеген байланыстың заңды жалғасы. Қазіргі геосаяси жағдайда айтылған «стратегиялық серіктестік» деген сөз жаңа ұғым сияқты көрінгенімен, оның түбі тереңде жатыр.
Бұхараға барған әр адам бұл жердің тек бір халыққа тиесілі емес екенін іштей сезеді. Бұл қалада қазақтың да ізі сайрап жатыр. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы білім алған, талай қазақ баласы осында келіп, ғылым қуған. Бұхара – қазақ үшін сырттағы қала емес, рухани кеңістігінің бір бөлігі.
Бұхараны билеген Мұхаммед Шайбани ханның түбі Дешті Қыпшақпен байланысты. Бұл – бүгінгі қазақ даласы. Яғни Орта Азиядағы ірі саяси орталықтардың өзі бір ғана ұлттың шеңберінде дамымаған. Қазақ хандары да бұл аймақпен тең дәрежеде қатынас жүргізген. Абылай хан мен Әбілқайыр хан заманында Бұхарамен байланыс – ықпал мен тепе-теңдік мәселесі болған.
Сондықтан Тоқаевтың «екі ел арасында ешқандай қайшылық жоқ» деген сөзі жай дипломатиялық формула емес. Бұл – тарихпен дәлелденген ақиқат. Қазақ пен өзбек ешқашан бір-біріне жат болмаған. Біз ғасырлар бойы төскейде малы, төсекте басы қосылған халықпыз.
Бүгінгі сапар – жаңа қарым-қатынас құру емес, бұрыннан бар тамырды қайта мойындау. Бұхарадағы әр кірпіш, әр көне медресе соны үнсіз айтып тұр. Қазақ пен өзбектің жақындығы – саясаттың нәтижесі емес, керісінше саясат соның салдары ғана.



