Қорғастағы асыра сілтеу

Желіде бөлісу

Жетісу облысында инвесторлардың құқығын қорғауға қатысты маңызды іс ашылып, «Қорғас» аймағында екі жыл бойы заңсыз төлемдер алынғаны анықталды.

Жетісу облысының прокуратурасы мен Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен жүргізілген тексеріс барысында Қорғасы халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы басқарушы компаниясының қызметінде өрескел заң бұзушылықтар анықталған.

Белгілі болғандай, соңғы екі жыл ішінде бұл аймақта жалпы құны 70 миллиард теңгеден асатын жобаларды жүзеге асырып жатқан 19 инвестордан су тарифтерін есептеу кезінде қосылған құн салығы (ҚҚС) заңсыз алынған. Ал қолданыстағы заңнамаға сәйкес, еркін экономикалық аймақта мұндай қызмет түрлері ҚҚС-тан босатылуы тиіс.

Соған қарамастан, бұл талаптар жүйелі түрде ескерілмей келген. Нәтижесінде кәсіпкерлер негізсіз қаржылық шығынға батып, бизнес жүргізу үшін жасанды кедергілерге тап болған.

Прокурорлық қадағалау актісінен кейін барлық заң бұзушылық толық жойылды. Инвесторларға заңсыз алынған қаражат қайтарылып, жалпы сомасы 1 миллион теңгені құрады.

Аталған жағдайға жол берген жауапты тұлғалар да жауапкершілікке тартылды.

Бұл оқиға елдегі инвестициялық ахуал үшін маңызды сигнал болды: заң талаптарын сақтамау тек бизнеске зиян келтіріп қоймай, өңірдің экономикалық беделіне де кері әсер етуі мүмкін.

Scroll to Top