2024 жылдың шілдесінде Абай облысы аумағында болған оқиғада әйел өз күйеуін қорғау үшін әрекет еткен. Сол сәтте бір ер адам оның жолдасын тұншықтырып, мойнын аяғымен басып жатқан. Жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін көрген әйел қолына іліккен ағашпен шабуылдаушыны ұрып жібереді. Өкінішке қарай, алған жарақаттан әлгі адам көз жұмады.
Алғашында аудандық сот бұл әрекетті қасақана ауыр дене жарақатын келтіру деп бағалап, әйелді 6 жылға бас бостандығынан айырған. Сонымен қатар, одан 3 миллион теңге моральдық өтемақы өндіріп алу туралы шешім шығарылған. Облыстық сот та бұл үкімді өзгеріссіз қалдырған.
Алайда іс қайта қаралып, Кассациялық сот басқа қорытындыға келді. Әйел мен оның адвокаты бұл оқиға күйеуін қорғау барысында болғанын айтып, жазаны жеңілдетуді сұраған.
Сот бұл уәжбен ішінара келісті: расында да, әйел күйеуін қорғаған. Бірақ сонымен бірге, ол өзін-өзі қорғау шегінен асып кеткен деп танылды — яғни ауыр затпен басқа соққы жасау артық күш қолдану ретінде бағаланған.
Сонымен қатар сот бірқатар маңызды жайттарды ескерді:
– әйелдің жасаған ісіне өкінуі
– кәмелетке толмаған баласының болуы
– III топтағы мүгедектігі
– және оқиғаға түрткі болған марқұмның өзі заңға қайшы әрекет жасағаны
Нәтижесінде іс қайта сараланып, бап жеңілдетілді. Әйелдің әрекеті қажетті қорғаныс шегінен асып кету ретінде қайта қарап, оған 1 жыл жаза тағайындалды.
Бірақ бұл мерзім кассациялық сот қарағанға дейін толық өтеліп қойғандықтан, әйел сот залынан бірден босатылды.
Бұл іс қоғамда үлкен пікірталас тудырып отыр: біреулер оны әділ шешім деп санаса, енді біреулер өзін және жақынын қорғаған адамға жаза қолданудың өзі күмәнді екенін айтады.



