Алматыда мыңдаған отбасы баспанасынан айырылып, далада қалуы мүмкін

Желіде бөлісу

Алматыда жаңа бас жоспар  төңірегінде үлкен дау туып отыр — мыңдаған тұрғын өз үйінен айырылып қалуы мүмкін. Бұл туралы КТК телеарнасына сілтеме жасай отырып, Jedel.kz порталы хабарлайды.

Қала картасында олардың үйлері мүлде жоқ, ал сол жерлерге көпқабатты тұрғын кешендер, жолдар мен саябақтар салу жоспарланған.

Бұл жаңалық көптеген отбасылар үшін күтпеген соққы болды. Тұрғындардың айтуынша, ешкім оларды алдын ала ескертпеген. Көпшілігі бұл туралы тек интернеттен жаңа бас жоспарды көріп, кездейсоқ білген. Кеше ғана өз үйінде алаңсыз өмір сүріп жүрген адамдар бүгін өз жерінің тағдыры қыл үстінде тұрғанын түсінген.

Аудан тұрғындары бір ауыздан: «Жерімізді ешқандай ақшаға бермейміз» деп отыр. Олардың арасында көпбалалы отбасы — Ирада Абдуллаева мен Вэсви Халилзаде де бар. Олар 12 жыл бұрын өз қолдарымен төрт қабатты үлкен үйдің құрылысын бастап, оны балаларының болашағы үшін тұрғызған. Әлі күнге дейін әр бөлшегін жетілдіріп келеді: төбенің биіктігінен бастап, жер сілкінісіне төзімділігіне дейін мұқият ойластырылған.

Отбасының есебі бойынша, бұл үйге кемінде 300 миллион теңге жұмсалған. Бірақ жуырда олар өз учаскесінің сүрілуі мүмкін екенін естіген.
«Бізге ақылы түрде ақпарат берді: біздің үйлердің орнында тұрғын кешен болады екен. Барлық мүлкіміз “қызыл аймаққа” кіріп кеткен дейді. Ал біз бұл үйді толық заңдастырғанбыз, барлық талаптарды сақтадық, “қызыл сызықтан” да аспадық. Сондықтан бұл жерде өтемақы туралы сөздің өзі орынсыз. Бізге келген моральдық зиянды ешкім өтей алмайды», — дейді Ирада Абдуллаева.

Бұл хабар аудан ішінде лезде тарап кетті. Тұрғындар кейін жаңа генпланды интернеттен тауып, өз көздерімен көргенде жағасын ұстаған — олардың үйлері картадан жай ғана өшіріліп тасталған. Жалпы алғанда, мыңнан астам тұрғын үй сүрілу қаупінде тұр.

Жоспарға сәйкес, бұл аумақтарда болашақта заманауи тұрғын кешендер, жаңа жолдар мен жасыл аймақтар пайда болуы тиіс. Билік бұл жобаларды 2040 жылға дейін жүзеге асыруды көздеп отыр.

Алайда тұрғындар үшін бұл жай ғана құрылыс жоспары емес — бұл олардың өмірі, жылдар бойы жинаған еңбегі мен естеліктері. Сондықтан олар өз құқықтарын қорғауға бел буып отыр.

Scroll to Top