Ынтымақтастыққа тың серпін

Желіде бөлісу

Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тарихи тамырластық тағы бір мәрте айқын көрінді. Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғоля президенті Ухнаагийн Хурэлсухты Ақорда резиденциясында салтанатты түрде қарсы алып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашты. Бұл кездесу жай ғана ресми рәсім емес, терең тарихи байланыстар мен ортақ құндылықтардың жаңғыруының белгісіндей әсер қалдырды. Көшпенді өркениеттің мұрагерлері саналатын Қазақстан мен Моңғолия халықтарының рухани жақындығы бүгінгі саясатта да өз жалғасын тауып отыр. Салтанатты қарсы алу рәсімінде екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалып, құрмет қарауылы сап түзеді. Бұл көрініс мемлекетаралық сыйластық пен дипломатиялық дәстүрдің үйлесімін көрсетті. Келіссөздер барысында көшбасшылар өзара сенім мен серіктестікті нығайтуға басымдық берді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Моңғолиядағы соңғы жылдардағы оң өзгерістерді ерекше атап өтті. Ел экономикасының тұрақты өсімі, ауқымды реформалар мен жаңа бастамалар мұның бәрі президент Хурэлсухтың саяси ерік-жігері мен көрегендігінің нәтижесі екеніне тоқталды. Әсіресе, «Vision-2050» даму жоспары мен Хархорум қаласының құрылысы сияқты жобалар болашаққа бағытталған батыл қадам ретінде бағаланды. Өз кезегінде Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстанның жетістіктеріне жоғары баға беріп, екі ел арасындағы қарым-қатынастың соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, 2024 жылғы өзара мемлекеттік сапарлар екіжақты байланыстардың алтын көпіріне айналған. Бұл жолғы кездесу де нәтижесіз емес тараптар бірқатар маңызды құжаттарға қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл келісімдер сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және саяси бағыттардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік береді. Жалпы, Ақордадағы бұл жүздесу тек дипломатиялық протокол шеңберінде қалып қоймай, екі елдің ортақ тарихы мен болашаққа деген ұмтылысын айшықтайтын маңызды оқиғаға айналды. Қазақстан мен Моңғолия арасындағы достық уақыт сынынан өткен, ал ендігі мақсат сол байланысты жаңа мазмұнмен байыту.

Scroll to Top