Талғарда 11 адам бір жігітке жабылып, оның соңы өлімге соққан. Таяуда ғана болған қайғылы оқиға қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Әлеуметтік желілерде 20 жастағы жігіттің той үстінде қаза тапқаны туралы ақпарат кең таралуда.
Куәгерлердің айтуынша, жанжал үйлену тойы кезінде басталып, соңы жаппай төбелеске ұласқан. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жас жігітке бірнеше адам жабылып, ауыр жарақат салған. Өкінішке қарай, оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
Осы оқиғаға байланысты марқұмның туыстары да мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, 2026 жылдың 12 сәуірінде Талғар ауданында 20 жастағы Анвар Мұсаев қатыгездікпен өлтірілген. Жігітке оннан астам адам шабуыл жасағаны, оның әдейі ұйымдастырылған топтық әрекет болғаны айтылады. Туыстарының сөзінше, оны қоршап алып, қорғануға мүмкіндік бермеген. Ол пышақ жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Жақындары оқиғаға қатысты бейнежазбалар бар екенін және 30-дан астам куәгер болғанын алға тартады. Соған қарамастан, қазіргі таңда тек бір ғана күдікті қамауға алынған, ал қалғандары бостандықта жүр деген мәлімет келтіріледі.
Сонымен қатар, отбасы өздеріне қысым жасалып жатқанын, «татуласу» туралы құжатқа қол қоюға мәжбүрлеу әрекеттері бар екенін мәлімдеді. Олардың пікірінше, бұл — жауапкершіліктен жалтару әрекеті.
Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, күдіктілердің бірі — Ильшат Тұрганов — бұған дейін де осындай істерге қатысы болған болуы мүмкін.
Марқұмның жақындары мен қоғам белсенділері құқық қорғау органдарына істі жеке бақылауға алып, барлық кінәлілерді анықтауды талап етуде.



