1 мамырдан бастап Алматы қаласынан Оңтүстік Кореяның ірі мегаполистерінің бірі Пусан бағытына тікелей әуе рейсі іске қосылады. Бұл бағыт Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы әуе қатынасын кеңейтіп, екі елдің байланысын жаңа деңгейге көтермек.
Рейстерді оңтүстіккореялық EasterJet жүзеге асырады. Әуе кемелері аптасына екі рет қатынап, жолаушыларға ыңғайлы әрі тиімді кесте ұсынады. Жаңа бағыттың іске қосылуы халықаралық әуе желісін кеңейтіп, Алматының өңірлік авиациялық хаб ретіндегі маңызын арттыра түседі.
Пусан тек портты қала ғана емес, заманауи технологиялар мен мәдениеттің тоғысқан орталығы. Қала өзінің теңіз жағалауымен, ірі сауда орталықтарымен және халықаралық фестивальдерімен танымал. Әсіресе, жыл сайын өтетін Busan International Film Festival әлемдік деңгейдегі мәдени шаралардың бірі саналады. Енді қазақстандық туристер бұл қалаға еш кедергісіз, тікелей жете алады.
Ал Алматы шетелдік қонақтарды табиғатымен, тау бөктеріндегі көрікті орындарымен және бай мәдени өмірімен қызықтырады. Оңтүстік Кореядан келетін туристер үшін Іле Алатауы, Шымбұлақ сияқты демалыс орындары ерекше тартымды бағыттардың қатарында.
Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы Алматыға Оңтүстік Кореядан 23 мыңнан астам турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,3 пайызға көп. Мұндай өсім жаңа рейстің ашылуы туристік ағымды одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік беретінін көрсетеді.
Сонымен қатар, жаңа бағыт іскерлік байланыстарға да оң әсер етеді. Кәсіпкерлер үшін екі ел арасында қатынау жеңілдеп, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптасады. Әсіресе, логистика, туризм, білім және технология салаларындағы әріптестікке серпін беріледі.
Тікелей әуе қатынасының іске қосылуы уақыт үнемдеудің, сапалы қызметтің және халықаралық байланысты нығайтудың нақты қадамы. Бұл жаңалық Алматының әлемдік бағыттармен байланысын кеңейтіп, қаланың халықаралық маңызын арттыра түсетіні анық.



