Орал қаласында жуырда ерекше маңызға ие жаңа бастама жүзеге асты «YNTYMAQ» комьюнити-орталығы өз жұмысын бастады. Бұл тек ғимарат емес, түрлі сенім иелерін бір арнаға тоғыстыратын, ортақ түсіністік пен өзара құрметті нығайтатын рухани алаң деуге болады. Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев қатысқан салтанатты ашылу рәсімі бұл орталықтың өңір үшін қаншалықты маңызды екенін айқындап берді. Бүгінде қоғамда діни сауаттылық пен тұрақтылық мәселесі өзекті болып отырған шақта мұндай бастамалардың рөлі ерекше. Жаңа орталық «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Яғни, тұрғындар діни мәселелерге қатысты сұрақтарын бір жерден шешіп, заңгерлік әрі теологиялық кеңес ала алады. Мұнда тек кеңес берумен шектелмей, әртүрлі конфессия өкілдерінің ашық пікір алмасуына мүмкіндік жасалған. Бұл қоғамдағы сенім мен сыйластықты арттыруға бағытталған нақты қадам. Орталықтың тағы бір ерекшелігі заманауи технологияларды тиімді пайдалануы. «YNTYMAQ BQO» мобильді қосымшасы арқылы өңірдегі діни ахуалға мониторинг жүргізіліп, тұрғындар қажетті ақпаратты жедел ала алады. Қосымшада арнайы чат-бот, радикализмге қарсы бөлімдер, интерактивті карта және жедел байланыс желісі қарастырылған. Бұл цифрлық дәуір талабына сай келетін тың шешім. Сондай-ақ орталық мамандары интернет кеңістігіндегі күмәнді контенттерді анықтап, олардың таралуына тосқауыл қою бағытында да жұмыс жүргізуде. Мұндай қадамдар жастарды теріс идеологиядан қорғап, ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге сеп болады. Орталық директоры Мейрамбек Қабдоллин бастаған білікті мамандар тобы күнделікті қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олар тек талдау жасап қана қоймай, алдын алу шараларын да белсенді жүргізуде.Жалпы алғанда, «YNTYMAQ» орталығы бүгінгі қоғамға ауадай қажет бастама. Ол тек діни тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, ел ішіндегі бірлік пен татулықты нығайтуға қызмет етеді. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Әділетті Қазақстан идеясымен үндесетін, болашаққа бағытталған маңызды қадам.



