Балқаш көлі жағалауындағы 12 гектар жер заң бұзушылықтар анықталғаннан кейін мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан мәліметке сілтеме жасай отырып хабарланды.
Анықталғандай, Жетісу облысы жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан Сарқан ауданы әкімдігіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеру барысында Балқаш көліне жақын орналасқан су қорғау аймағында жалпы аумағы 12 гектарды құрайтын 24 жер телімі жер заңнамасының талаптарын бұза отырып коммерциялық мақсатта берілгені анықталған.
Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты департамент Сарқан аудандық сотына аудан әкімдігінің тиісті қаулыларын және аталған жер телімдері бойынша жасалған сатып алу-сату келісімшарттарын заңсыз деп тану туралы талап арыз жолдаған. Сарқан аудандық соты бұл талапты толық көлемде қанағаттандырды.
Сот шешімінің нәтижесінде Балқаш көлі жағалауында орналасқан жалпы аумағы 12 гектар болатын 24 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Мамандардың айтуынша, су қорғау аймақтарындағы жерлерді заңсыз коммерциялық мақсатта пайдалану экологиялық қауіп-қатерлерге әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай аумақтарға қатысты жер қатынастарын қатаң бақылауда ұстау маңызды.
Бұл шешім су ресурстарын және табиғи аумақтарды қорғау бағытындағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге және мемлекет мүддесін қорғауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.



