ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ БЕДЕЛІНЕ НҰҚСАН КЕЛТІРГЕН ШЕНЕУНІК ЖҰМЫСТАН ҚУЫЛДЫ

Желіде бөлісу

Жетісу облысында мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірген мемлекеттік қызметкер жұмыстан босатылды. Ол құмар ойындарға қатысқаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.

Ведомствоның ресми мәліметіне сәйкес, Ақсу аудандық прокуратурасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалардың сақталуына жүргізілген талдау барысында этикалық және құқықтық нормалардың өрескел бұзылғанын анықтаған.

Тексеру нәтижесінде мемлекеттік органның қызметкері заңмен белгіленген тыйымдарға қарамастан, жүйелі түрде азарт ойындарына қатысып келгені белгілі болды. Прокуратураның қадағалау актісі қаралғаннан кейін мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін аталған қызметкер атқарып отырған лауазымынан босатылып, мемлекеттік қызметтен шығарылған.

Жетісу облысының прокуратурасы мемлекеттік қызметкерлердің заң талаптарын қатаң сақтауы маңызды екенін атап өтті. Ведомство өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік қызметші қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, қызметтік әдеп нормаларын және заң талаптарын бұлжытпай орындауы тиіс.

Сонымен қатар прокуратура тарапынан мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізіліп жатқаны айтылды.

Scroll to Top