Алматы облысындағы жұмбақ өлім: 70 мың теңге жанжалға себеп болған ба?

Желіде бөлісу

Алматы облысында ер адамның қазасына байланысты жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желіде марқұмның туысы оның өліміне досы әрі бизнес серіктесін кінәлап, оқиғаның мән-жайын жариялады.

Марқұмның ағасының айтуынша, қайғылы жағдай 11 мамыр күні болған. Ол бауыры бірге кәсіп бастаған серіктесімен күнделікті табысқа байланысты жанжалдасып қалғанын жеткізді. Айтуынша, шашлык сататын орын ашқан екі жігіт сол күнгі 70 мың теңге көлеміндегі табысты бөлісуі тиіс болған. Алайда марқұм ақшаны басқа қажеттілікке жұмсап қойған көрінеді.

Осыдан кейін олардың арасында жанжал туындап, соңы ауыр соққыға ұласқан. Туысының сөзінше, күдікті жігіт марқұмды аяусыз ұрып-соғып, оның денсаулығына ауыр зақым келтірген. Соның салдарынан ер адам көп қан жоғалтып, кейін ауруханада көз жұмған.

Әлеуметтік желідегі жазбада оқиға орнында тағы бір адамның болғаны, бірақ оның араша түспегені де айтылған. Марқұмның жақындары болған жағдайды «кездейсоқ төбелес емес» деп бағалап отыр.

Кейін туыстары оқиғаның нақты уақыттарын жариялады. Олардың мәліметінше, жанжал кешкі сағат 20:18 бен 21:04 аралығында болған. Сол сәтте марқұмның көкбауыры жарылып, жағдайы күрт нашарлаған. Жақындарының айтуынша, оқиға болған жер тазартылып, қан іздері жуылып кеткен.

Жедел жәрдем шамамен сағат 21:33-те жетіп, ер адам ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған — ол 22:04-те қайтыс болған.

Алматы облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары марқұмның туыстары айтқан барлық деректерді тексеріп жатыр.

Полиция мәліметінше, ер адам өзін жайсыз сезінгеннен кейін ауруханаға жеткізілген. Тергеу барысында бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп, куәгерлер мен оқиға орнына келген медицина қызметкерлерінен жауап алынған.

Құзырлы орган өкілдері тергеу амалдары жалғасып жатқанын және іс облыстық департамент басшылығының бақылауында екенін хабарлады. Сонымен қатар, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін ескертті.

Бұл оқиға қоғамда қызу талқыға түсіп, әлеуметтік желі қолданушылары әділ тергеу жүргізуді талап етуде. Көпшілік «70 мың теңге үшін адам өліміне әкелген жанжал қалай туындады?» деген сұраққа жауап іздеп жатыр.

Scroll to Top