Елорда халқының қарқынды өсуі мен әуе қатынасына сұраныстың артуы Астанада екінші әуежай салу мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. 15 мамыр күні Үкімет кулуарында Астана әкімінің орынбасары Ерсин Отебаев бұл бағыттағы жұмыстардың жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда жаңа әуежайдың нақты орны бекітілмеген. Дегенмен мамандар бірнеше ықтимал бағытты зерттеп жатыр. Атап айтқанда, Косшы бағыты, Қарағанды трассасы және Павлодар тасжолы маңы қарастырылуда. Қала басшылығының пікірінше, елордадағы халық санының көбеюі, жаңа тұрғын аудандардың салынуы және халықаралық рейстердің артуы болашақта екінші әуе айлағын қажет етуі мүмкін. Қазір бұл мәселе бойынша арнайы сарапшылар тобы жұмыс жүргізіп, инфрақұрылымдық және экономикалық мүмкіндіктерді талдауда. Айта кетейік, бұған дейін, 2025 жылдың 22 желтоқсанында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордада екінші әуежай салынады деген ақпаратты «қауесет» деп атаған болатын. Алайда араға уақыт салып, қала билігі бұл қажеттіліктің расында бар екенін ашық айта бастады. Сарапшылардың пікірінше, егер жаңа әуежай салынса, бұл тек жолаушылар ағынын азайтып қана қоймай, Астананың логистикалық әлеуетін де күшейтеді. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары ашылып, туризм мен бизнес қатынастарының дамуына серпін беруі ықтимал.Қазіргі таңда Астана халықаралық әуежайы елдегі ең ірі әуе хабтарының бірі саналады. Дегенмен соңғы жылдары жолаушылар саны бірнеше есе өсіп, әуе инфрақұрылымына түсетін жүктеме де айтарлықтай артқан. Осыған байланысты екінші әуежай мәселесі алдағы жылдары стратегиялық маңызы бар жобалардың біріне айналуы мүмкін.



