Қазақстанда алдағы уақытта несие алу талаптары қатаңдауы ықтимал. Ұлттық банк 2027 жылдан бастап қарыз жүктемесі жоғары азаматтарға берілетін несиелерге шектеу қоюды жоспарлап отыр. Жаңа талаптар халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алып, қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға бағытталған.
Реттеуші органның мәліметінше, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қарыз алушының табысына қатысты берешек көлемін көрсететін коэффициентке шекті деңгей енгізіледі. Бұл көрсеткіш КДД деп аталады.
КДД – азаматтың жалпы қарызы оның бір жылдық табысынан қаншалықты асып кеткенін көрсететін көрсеткіш. Яғни, адамның барлық несиесі жылдық табысынан бірнеше есе көп болса, оның төлем қабілетіне қауіп төнеді деген сөз.
Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, КДД неғұрлым жоғары болған сайын, қарызды уақытында өтей алмау қаупі де арта түседі. Сондықтан банктер несие берер алдында азаматтың қаржылық жағдайын мұқият саралайтын болады.
Жоспар бойынша, қарыз алушының жалпы берешегі оның 8 жылдық табысынан аспауы тиіс. Егер бұл көрсеткіш шектен жоғары болса, банк несие беруден бас тартуы мүмкін.
Сонымен қатар Ұлттық банк автонесие, ипотека және кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша жағдайды тұрақты бақылауда ұстайтынын мәлімдеді. Қажет болған жағдайда әр несие түріне жеке лимит енгізілуі де ықтимал.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа талаптар азаматтарды ойланбай несие алудан сақтандыруы мүмкін. Екінші жағынан, табысы төмен немесе бірнеше несиесі бар қазақстандықтарға қосымша қарыз рәсімдеу қиындай түсуі ықтимал.
Ұлттық банк қазіргі қарыз жүктемесі коэффициентіне (КДН) қатысты талаптар өзгермейтінін атап өтті. Алайда қаржы нарығындағы тәуекелдер күшейсе, реттеуші қосымша шектеулер енгізу құқығын өзінде қалдырады.



