Ол TikTok пен Instagram-да Ресейдегі «Алабуга Политех» туралы видео түсіріп, ән айтып, би билеген. Алайда дәл осы контент қоғамда үлкен сұрақ туғызды. Себебі сөз болып отырған «Алабуга Политех» – жай ғана колледж немесе білім беру орталығы емес.
Тәуелсіз журналистердің зерттеулеріне сәйкес, 2023 жылы Татарстандағы «Алабуга Политех» студенттерді әскери дрон өндірісіне тартқаны үшін халықаралық дауға іліккен. Ресейлік «Протокол» басылымы мен RZVRT жобасының зерттеуінде колледж студенттері, оның ішінде 15–17 жастағы жасөспірімдер Shahed типіндегі дрондарды құрастыру жұмыстарына тартылғаны айтылған.
Зерттеу авторларының мәліметінше, студенттер ұзақ уақыт жұмыс істеуге мәжбүр болған, ал өндіріс туралы ақпаратты жарияламау жөнінде қатаң талап қойылған. Кей материалдарда басшылық тарапынан қысым көрсетілгені, ал кей студенттердің оқудан шығарамыз деген қауіппен жұмысқа тартылғаны жазылған.
Халықаралық БАҚ та бұл мәселеге назар аударды. Бірқатар жарияланымдарда «Алабуга» аймағында Shahed дрондарының өндірісі ұйымдастырылғаны және оған студенттердің қатыстырылғаны туралы айтылды.
Осыдан кейін «Алабуга» атауы әлеуметтік желілерде және халықаралық медиада бейресми түрде «өлім өндірісі» деген ауыр сипаттамамен атала бастады. Себебі бұл жерде өндірілетін дрондар Украинадағы соғыста қолданылып жатқан әскери техникалардың қатарына кіреді.
Қазіргі таңда «Алабуга» арнайы экономикалық аймағына және онымен байланысты құрылымдарға АҚШ пен Еуропалық одақ санкция салған. ЕО 2023 жылдың желтоқсанында «Алабуганы» санкциялық тізімге енгізгенін ресми жариялады.
Сондықтан желідегі қолданушылардың реакциясы өте өткір болды. Көпшілік мәселе биде немесе әнде емес, қандай ұйымның насихатталып жатқанында деп отыр.
– «Бұл жай тренд емес»;
– «Санкциядағы ұйымды жарнамалау қауіпті»;
– «Әскери өндіріс туралы контентке абай болу керек»;
– «Жастар ненің символына айналып жатқанын түсінбей қалуы мүмкін» деген пікірлер желіде жиі жазылды.
Кей сарапшылар мұндай контенттің халықаралық деңгейде де теріс қабылдануы мүмкін екенін айтады. Өйткені санкция салынған ұйымдарға қатысты позитивті контент кей елдерде саяси және моральдық тұрғыдан өте сезімтал мәселе саналады. Әсіресе соғысқа қатысы бар өндірістерге қатысты кез келген «жеңіл» немесе ойын-сауық форматындағы контент қоғамда наразылық тудыруы ықтимал.
Медиа мамандарының пікірінше, бүгінгі цифрлық дәуірде танымал адамдар тек шоу-бизнес өкілі емес, үлкен аудиторияға әсер ететін қоғамдық фигураға айналды. Сондықтан олардың қандай трендке қатысатыны, қандай брендті немесе ұйымды контент арқылы көрсететіні мұқият қабылданады.
Бұл жағдай тағы бір маңызды нәрсені көрсетті: қазіргі әлеуметтік желіде бір қарағанда зиянсыз көрінген видеоның өзі халықаралық контекстте мүлде басқаша мағынаға ие болуы мүмкін. Әсіресе әскери өндіріс, санкция және адам құқығы мәселесі араласқан жағдайда қоғамның реакциясы әлдеқайда қатаң болады.



