Сот үкімі №42 орта мектептің бас есепшісі Елена Садовская мен информатика пәнінің мұғалімі Амангелді Ермекбаевқа қатысты шығарылды. Олар білім беру мекемесінің бюджетінен шамамен 90 миллион теңгені заңсыз иемденген.
Тергеу мәліметінше, заңсыз схема бес жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп келген. Бас есепшінің мектеп директорларының электронды цифрлық қолтаңбалары (ЭЦҚ) болған. Ол жалақы, еңбек демалысы және сыйақы төлеуге қатысты құжаттарға өзі қол қойып отырған. Алайда төлемдер өзінің пайдасына негізсіз көбейтіліп есептелген. Күдік туғызбас үшін қаражаттың бір бөлігі мектептің басқа қызметкерлеріне төленгендей рәсімделген.
Кейін бас есепші мұғалімдерден өз карталары арқылы ақшаны қолма-қол шешіп беруге «көмектесуді» сұраған. Ол өзінің жеке есепшоты бұғатталғанын алға тартқан. Нәтижесінде әріптестерінің шоттарына жалақы немесе аванс түрінде ірі көлемдегі қаражат аударылып отырған. Мұғалімдер оған сеніп, банк карталарын берген. Кейін олар ақшаны қолма-қол шешіп немесе есепшінің көрсетуімен басқа шоттарға аударып отырған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, кейінірек бас есепші бұл схемаға информатика пәнінің мұғалімін де тартқан. Оның есепшоттары арқылы да ірі көлемдегі қаржы өткізіле бастаған. Ол да әріптестерінен өз шоттарына ақша қабылдауды сұрап, мұны банк картасының бұғатталуымен түсіндірген. Кей жағдайларда ақша бірнеше адамның есепшоты арқылы аударылған.
Жалпы іс бойынша мектептің 14 қызметкерінің аты аталады.
Осылайша мектеп бюджетінен шамамен 90 миллион теңге шығарылған. Айыптау тарапының мәліметінше, соның 50 миллион теңгеге жуығын бас есепшінің өзі алған. Ал 25 миллион теңгеден астам қаржы информатика пәні мұғалімінің есепшоттары арқылы өткен.
Тергеу дерегіне сәйкес, ол қаражаттың бір бөлігін кейін есепшіге аударып отырған.
Көптеген қызметкерлер заңсыз төлемдер туралы тек аудит жүргізілгеннен кейін ғана білген. Тексеру 2024 жылы жүргізілген. Кейін бірнеше қызметкер мемлекетке шамамен 10 миллион теңгені өз еркімен қайтарған.
Мектеп директорларының айтуынша, Садовскаяның қызметі кезінде үш директор ауысқанымен, олар оның заңсыз әрекеттерінен бейхабар болған.
Қалай болғанда да, сот алдында тек бас есепші мен информатика пәнінің мұғалімі жауап берді. Сот Елена Садовскаяны сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Алайда кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жаза бір жылға кейінге шегерілді. Ал Амангелді Ермекбаев жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.



