Павлодар облысында студенттер мен оқушылардан ақша бопсалағандар ұсталды

Желіде бөлісу

Павлодар облысында жастар арасында қылмыстық ықпал орнатуға тырысқан күдіктілердің әрекеті әшкереленді. Облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратураның үйлестіруімен оқу орындарында орын алған бопсалау фактілерін анықтап, жолын кесті.

Тергеу мәліметінше, Павлодар қаласында екі оқушы өз қатарластарынан ақша талап еткен. Олар жәбірленушілерді бағалы заттарын ломбардқа өткізуге мәжбүрлеп, түскен қаражатты өздеріне беруді талап еткен. Кейбір жағдайларда қысым көрсету үшін әшкерелейтін бейнематериалдар қолданылған.

Ал Екібастұз қаласында колледж студенті мен оның танысы бір азаматтан 50 мың теңге бопсалады деген күдікке ілінді. Белгілі болғандай, олар жәбірленушіні көлікпен алып кетіп, оған күш көрсеткен.

Полицияның хабарлауынша, аталған екі дерек бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары бұл оқиғаларға қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды анықтап, қосымша эпизодтарды тексеріп жатыр. Күдіктілер ақша алу кезінде қолға түскен.

Павлодар облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахмановтың айтуынша, жастар арасында қылмыстық топтар құруға, қорқытып ақша бопсалауға және заңсыз ықпал орнатуға бағытталған кез келген әрекет қатаң түрде тоқтатылатын болады.

Құқық қорғау органдары ата-аналар мен ұстаздарды балалардың жүріс-тұрысына мұқият болып, күмәнді жағдайлар туралы дер кезінде хабарлауға шақырады. Өйткені мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу – қоғам болып атқаратын ортақ міндет.

Scroll to Top