Астанада әлеуметтік желіге танымал болуды көздеген жүргізуші жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Оқиғаға қатысты бейнежазба әлеуметтік желілерде таралып, полиция қызметкерлерінің назарын аударған.
Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, мониторинг барысында Lexus маркалы автокөлік жүргізушісінің тротуар бойымен қозғалып, жаяу жүргіншілердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргені анықталған. Көлік жүргізушісі заң бұзушылық сәтін бейнежазбаға түсіріп, кейін оны әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған.
Жүргізілген тексеру нәтижесінде көлік тізгінінде 19 жастағы азамат болғаны белгілі болды. Ол бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, жүргізуші тротуармен жүргені, мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз көлік басқарғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылған.
Сот шешімімен құқық бұзушы 7 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ал көлік арнайы коммуналдық айып тұрағына қойылды.
Полиция өкілдері жол қозғалысы ережелерін әдейі бұзу және оны әлеуметтік желілерде көрсету жауапсыз әрекет екенін атап өтті. Мұндай әрекеттер жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіріп қана қоймай, қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.
Құқық қорғау органдары заң талаптарын елемейтін және қоғамдық тәртіпті бұзатын азаматтарға қатысты тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді. Сонымен қатар жүргізушілерге жолдағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, әлеуметтік желідегі танымалдық үшін өз өмірі мен өзгенің өмірін қатерге тікпеуге шақырды.



