Қазақстан қаржы жүйесінде жаңа кезең басталды. Елімізде ресми түрде үшінші ұлттық валюта мәртебесіне ие болған цифрлық теңгені енгізудің құқықтық негізі толық бекітілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы вице-министрі Асет Тұрысов мәлімдеді.
Оның айтуынша, цифрлық теңге қолма-қол ақша мен қолма-қол емес төлем құралдарымен қатар қолданылатын болады. Осылайша, Қазақстан әлемдегі цифрлық валютаны мемлекеттік деңгейде енгізіп жатқан елдердің қатарына қосылып отыр.
«Цифрлық теңге бүгінде еліміз үшін стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі. Қажетті нормативтік-құқықтық база қабылданды. Енді ол ресми түрде Қазақстанның үшінші ұлттық валютасы болып саналады», деді вице-министр.
Соңғы жылдары әлемде цифрлық қаржы құралдарына деген қызығушылық артып келеді. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалмай, Ұлттық банкпен бірлесіп өткен жылы цифрлық теңгені қолдануға қатысты 20-ға жуық пилоттық жобаны іске асырған болатын. Жобалардың нәтижесі оң бағаланып, енді жаңа жүйені кең көлемде енгізу жоспары бекітілді.
Мамандардың айтуынша, цифрлық теңгенің басты артықшылығы – ақша қозғалысының ашықтығы мен бақылаудың күшеюі. Әсіресе мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражаттың нақты қайда жұмсалып жатқанын бақылауға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты 2025 жылы Премьер-Министр Олжас Бектенов республикалық бюджет пен Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын кемінде 100 ірі жобаны цифрлық теңгеге көшіру жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл шешім мемлекеттік қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сарапшылар цифрлық теңгенің тағы бірнеше маңызды мүмкіндігін атап өтеді. Атап айтқанда, мемлекеттік қаражатты арнайы таңбалау, қосылған құн салығын қайтару рәсімін жеделдету және қауіпсіз қаржылық операцияларды жүзеге асыру жеңілдейді.
Дегенмен жаңа технологияға қатысты кейбір алаңдаушылықтар да бар. Кейбір мамандар төлемдердің бақылауға алынуы жеке қаржылық құпиялылықтың төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін айтады. Сондықтан цифрлық теңгені енгізу барысында азаматтардың құқықтары мен деректер қауіпсіздігін сақтау басты назарда болады.
Қалай болғанда да, цифрлық теңгенің іске қосылуы Қазақстанның қаржы секторын жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі саналады. Алдағы жылдары бұл жүйенің күнделікті өмірде қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсетеді.



