Алматылық «Қайраттың» жас жұлдызы Дастан Сатпаев команда сапындағы соңғы ойынын сәтті өткізіп, жанкүйерлерге тамаша сый жасады. Қазақстан Премьер-лигасының 17-туры аясында өткен кездесуде алматылық клуб Петропавлдың «Қызылжар» командасын 3:0 есебімен жеңіп, маңызды үш ұпайға қол жеткізді.
Кездесу Алматы қаласындағы Орталық стадионда өтті. Бірінші таймда екі команда да сақ ойын көрсетіп, есеп ашылмады. Алаң иелері шабуылда белсенді болғанымен, қонақтардың қорғанысы сенімді әрекет етті.
Алайда үзілістен кейін «Қайрат» ойынды толық өз бақылауына алды. Матчтың 59-минутында Дастан Сатпаев қарсылас қақпасынан саңылау тауып, есеп ашты. Осы голдан кейін алматылықтар шабуыл қарқынын үдетіп, қарсыласқа мүмкіндік бермеді.
Ойынның 85-минутында Исмаил Бекболат есепті еселей түссе, араға екі минут салып Дастан Сатпаев дубль авторы атанды. Нәтижесінде «Қайрат» 3:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Бұл матч 17 жастағы шабуылшы үшін ерекше болды. Өйткені ол жақын күндері Англияның әйгілі «Челси» клубына ауысады. Футболшы 12 тамызда 18 жасқа толғаннан кейін лондондық клубпен келісімшарты ресми күшіне енеді.
Айта кетейік, «Челси» қазақстандық талантты 2025 жылдың ақпан айында 4 миллион еуроға сатып алған болатын. Бұл трансфер қазақстандық футбол тарихындағы ең ірі мәмілелердің бірі саналады.
Қазіргі таңда жаңа клубтың бапкерлер штабы ойыншының әлеуетін бағалап, оның негізгі құрамда қалуы немесе тәжірибе жинақтау үшін Францияның «Страсбур» клубына жалға жіберілуі жөнінде шешім қабылдамақ.
Осылайша Дастан Сатпаев «Қайраттағы» кезеңін жарқын жеңіс пен дубльмен аяқтап, үлкен футболдағы жаңа белеске қадам басты. Қазақстандық жанкүйерлер енді оның Еуропа футболындағы өнерін асыға күтеді.
Биылғы маусымда Сатпаев «Қайрат» сапында барлық турнирде 27 матч өткізіп, 9 гол соғып, 7 нәтижелі пас берген. Сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 8 ойын өткізіп, бір мәрте мергендігімен көзге түсті.



