Димаш Құдайберген маңызды үндеу жасады

Желіде бөлісу

Димаш Құдайберген — Халықаралық көші-қон ұйымының (МОМ) Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Жаһандық ізгі ниет елшісі — 2026 жылғы 19 ақпанда Instagram парақшасында маңызды бейнеүндеу жариялады. Әлемге танымал қазақстандық әнші қасиетті Рамазан айында қақтығыстар мен табиғи апаттар салдарынан баспанасынан айырылған отбасыларға қолдау көрсетуге шақырды.

«Рамазан айында бәріміз үйдің жылуын — қауіпсіздік, тыныштық пен бірлік мекенін аңсаймыз. Алайда өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған миллиондаған отбасы үшін “үй” — қайта оралатын орын емес. Олардың баспаналары қақтығыстар мен табиғи апаттар салдарынан қирады. Бір кездері өздерін қорғаған қабырғалармен бірге естеліктері де бытырап кетті. Осы Рамазанда біз бұл отбасыларға өмірді қайта бастауға көмектесе аламыз. Сіздердің зекет немесе садақа түріндегі қайырымдылықтарыңыз оларға баспана, қауіпсіздік және әрбір отбасы аңсайтын — қайта оралатын үй сыйлауға сеп бола алады. Қолдарыңыздан келгенше бүгін қайырымдылық жасауларыңызды сұраймын», — деді Димаш Құдайберген.

31 жастағы Қазақстанның халық әртісі барша адамзатты осы Рамазан айында мұқтаж жандарға үміт сыйлау үшін өзімен және Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесіп әрекет етуге үндеді.

2025 жылғы 8 желтоқсанда Женева қаласында БҰҰ жанындағы Халықаралық көші-қон ұйымы кеңесінің жыл сайынғы сессиясы өтті. Аталған жиында Димаш Құдайберген МОМ-ның Жаһандық ізгі ниет елшісі болып тағайындалды.

Scroll to Top