Тоқаев ел дамуының негізгі әлеуетін атады

Желіде бөлісу

Қасым — Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашақтағы дамуы ең алдымен инфрақұрылым, білім, ғылым және заманауи технологияларға тікелей байланысты екенін айтты. Бұл туралы Президент Астанада өткен Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиында мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, дәл осы салалар елдің стратегиялық әлеуетінің негізін құрайды және Қазақстанды алға жетелейтін басты күш болуы тиіс.

«Біздің негізгі стратегиялық әлеуетіміз – инфрақұрылымда, технологияда, білім мен ғылымда жатыр. Дәл осы бағыттар ұлттың сенімді дамуына жол ашып, еліміздің өркениетті әрі үйлесімді қоғамға айналуына негіз болуы керек», – деді Президент.

Даму мен ұлттық болмысты қатар сақтау

Президент елдің дамуға ұмтылысы өз тамырынан ажырау дегенді білдірмейтінін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, жаһандану дәуірінде Қазақстан өз ұлттық ерекшелігін сақтай отырып алға жылжуы керек.

Тоқаевтың айтуынша, Ұлы дала мұрасы – халқымыздың баға жетпес қазынасы. Алайда кез келген дәстүр уақыт сынынан өте бермейді. Сондықтан қоғам өткенмен сабақтастықты сақтай отырып, заман талабына сай құндылықтарды негізге алуы қажет.

«Мәселе жаһандық үрдістерге соқыр еліктеуде емес. Ең бастысы – өз болмысымызды сақтап, ата-бабамыздан қалған Ұлы даланың асыл мұрасын ұмытпау», – деді ол.

Конституция – ұлттық бірегейлікті нығайтудың кепілі

Президент сондай-ақ жаңа Конституция жобасы елдің мәдени кодын сақтап, ұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, Негізгі заң Қазақстанның даму жолын айқындап, дәстүр мен прогресті үйлестіретін негізгі бағытты белгілейді.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, тек осындай теңгерімді даму арқылы ғана Қазақстан әлемге жасампаз, заманауи және бәсекеге қабілетті ұлт ретінде танылатынын айтты.

Scroll to Top