Қазақстанның бірқатар өңірінде көктемгі су тасқыны қаупі күшейіп отыр. Осыған байланысты Үкімет басшысы Олжас Бектенов әкімдер мен жауапты министрліктерге шұғыл тапсырмалар беріп, дайындық жұмыстарын жеделдетуді талап етті. Бұл мәселе Көкшетауда өткен төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысында жан-жақты талқыланды.
Жиынға орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен облыс әкімдері қатысып, көктемгі паводок кезеңіне дайындық барысын баяндады. Премьер-министрдің айтуынша, биылғы табиғи жағдайлар су тасқыны қаупін арттырып отыр. Қар қорының мол болуы, жер бетінде мұз қабатының қалыптасуы және топырақтың қату тереңдігінің жоғары болуы – көктемде қар еріген кезде судың тез жиналуына себеп болуы мүмкін.
Сонымен қатар кейбір өңірлерде су тасқынына дайындық жұмыстары толық аяқталмағаны анықталған. Атап айтқанда, өзен арналарының түбін тереңдету, жағалауларды бекіту және қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары бірқатар аймақта әлі де жалғасып жатыр. Кей елді мекендерде қарды сыртқа шығару жұмыстары да жеткілікті деңгейде ұйымдастырылмаған.
Үкімет басшысы барлық өңірлер кез келген сценарийге дайын болуы тиіс екенін атап өтті. Әкімдіктерге бір апта ішінде су басу қаупі бар аумақтарды қайта тексеріп, нақты алдын алу шараларын қабылдау тапсырылды.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың мәліметінше, «Қазгидромет» болжамы бойынша наурыз бен сәуір айларында ауа райы әдеттегіден жылы болуы мүмкін. Сонымен бірге елдің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде. Бұл жағдай өзендердегі су деңгейінің күрт көтерілу қаупін арттырады.
Қазіргі таңда су тасқыны қаупі Шығыс Қазақстан, Абай, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан және Алматы облыстарында, сондай-ақ Ұлытау мен Жетісу өңірлерінде тіркеліп отыр. Ал Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарында қауіп деңгейі салыстырмалы түрде төмен деп бағаланған.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов елдегі гидротехникалық нысандардың жағдайы туралы баяндады. Қазақстанда жалпы саны 1395 гидротехникалық құрылыс бар. Қазіргі уақытта оңтүстік өңірлердегі су қоймалары су жинау режимінде жұмыс істеп жатыр, ал басқа аймақтардағы нысандар қалыпты жоспарлы режимде қызмет етуде.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Ариновтың айтуынша, 1 наурыздан бастап ведомствоның жедел штабы тәулік бойы жұмыс істеуде. Ел аумағындағы гидрологиялық жағдай тұрақты бақылауға алынып, қауіпті аумақтарға үздіксіз мониторинг жүргізіліп жатыр.
Бүгінде Қазақстан бойынша су тасқыны қаупі бар 1242 елді мекен анықталған. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін азаматтық қорғау қызметтерінің республикалық және өңірлік күштері толық дайындыққа келтірілді. Жалпы алғанда 39 мыңнан астам адам, 18 мыңнан аса техника мен арнайы құрал жұмылдырылған.
Су басудың алдын алу мақсатында жоспарланған шаралардың басым бөлігі орындалған. Қазіргі таңда 830 шақырымнан астам қорғаныс бөгеттері мен валдар салынды. Сонымен қатар 1128 шақырым дренаж жүйелері мен каналдар жөнделіп немесе жаңадан салынды. Жолдар мен теміржолдарда 934 су өткізу құрылысы орнатылып, жаңартылды.
Биыл Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Абай облыстарындағы 31 елді мекен ерекше бақылауға алынған. Үкімет бұл аймақтарда алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың мәліметінше, жалпы ұзындығы 160 шақырым болатын автожолдардың 229 қауіпті учаскесі бақылауға алынды. Бұл аумақтарды қадағалау үшін 2,5 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылған.
Сондай-ақ мамандардың айтуынша, бірқатар өңірде мұз қабатының қалыңдығы 4 сантиметрге дейін жеткен. Кей жерлерде топырақтың қату тереңдігі екі метрге дейін барады. Таулы және жазық аймақтарда қар қорының мол жиналуы да көктемгі тасқын қаупін күшейтетін факторлардың бірі болып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайда өзендердегі су деңгейі көтерілмей тұрып-ақ даладағы қар тез еріп, ерте көктемгі тасқын басталуы мүмкін. Сондықтан мамандар тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға және ресми ақпарат көздерін тұрақты бақылап отыруға шақырып отыр.



