Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында ел тарихы мен болашағына қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы биыл мамыр айының ортасында Түркістан қаласында түркі мемлекеттері басшыларының жоғары деңгейдегі кездесуі өтетінін ресми түрде хабарлады.
Президент өз сөзінде Түркістанның қазақ тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл өңір — Қазақ хандығы дәуірінде маңызды саяси шешімдер қабылданған киелі мекен. Сонымен қатар, шамамен 300 жыл бұрын Ордабасы жерінде өткен ұлы құрылтай ел тағдырына үлкен әсер етіп, үш жүздің басын қосқан тарихи кезең болған.
Осы бірліктің нәтижесінде қазақ жасақтары Аңырақай шайқасы кезінде жеңіске жетіп, ел тәуелсіздігін сақтап қалғаны да ерекше аталып өтті. Тоқаев бұл дәстүрдің бүгінге дейін жалғасып келе жатқанын айтып, қазіргі таңда да халықты біріктіретін маңызды шаралар ұйымдастырылып жатқанын жеткізді.
Алдағы саммит Түркі мемлекеттері ұйымы аясында өтеді. Президенттің айтуынша, әлемдегі қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында бұл кездесу ерекше маңызға ие болмақ. Сондықтан Үкімет пен жергілікті билікке іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыру тапсырылды.
Айта кетейік, жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы түркі әлемінің рухани орталығы саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесі барып, тарихи-мәдени нысанмен танысты.
Бұл кездесу тек саяси диалог алаңы ғана емес, сонымен қатар түркі елдерінің ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам болмақ.



