«Кеш болмай тұрғанда»: Қасым-Жомарт Тоқаев әлемді бейбіт келіссөзге шақырды

Желіде бөлісу

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі қарулы қақтығыстарға қатысып жатқан мемлекеттерге маңызды үндеу жасады. Мемлекет басшысы қазіргі геосаяси ахуалдың күрделене түскенін айтып, соғыстар мен шиеленістердің тек аймақтық емес, жаһандық қауіпке айналып бара жатқанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, бүгінде түрлі өңірлерде, әсіресе Таяу Шығыс аймағында жағдай ушығып тұр. Қарулы қақтығыстардың күшеюі әлемдік экономикаға да кері әсер етіп, тұрақсыздықты арттыруда. Тоқаев мұндай текетірестен ешбір ел ұтпайтынын ашық жеткізді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның да күрделі геосаяси аймақта орналасқанын еске салып, барлық тараптарды сабырға шақырды. Оның сөзінше, ең алдымен бейбіт тұрғындар мен экономикалық нысандарға жасалатын шабуылдарды тоқтату қажет. Бұдан кейін тек келіссөз үстелі ғана жағдайды реттеудің тиімді жолы болмақ.

Президент Қазақстан бейтарап ұстанымда екенін, алайда бейбіт бастамаларды әрдайым қолдайтынын айтты. Ол келіссөздер өткізу үшін Түркістан қаласын ұсынды. Бұл — қазақ халқының ізгі ниеті мен татулыққа деген ұмтылысының көрінісі екенін ерекше атап өтті.

«Кеш болмай тұрғанда соғысты тоқтатып, келіссөзге келу керек. Әйтпесе, бұл қақтығыстар көптеген халықтардың бейбіт өмірін бұзып, жаһандық тұрақтылыққа үлкен соққы болады», — деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде ірі экономикалық дағдарыс қаупі күшейіп келе жатқанын ескертіп, мемлекеттерді жауапкершілікпен әрекет етуге шақырды.

Бұл үндеу — тек саяси мәлімдеме емес, бүкіл әлемге бағытталған бейбітшілікке шақыру.

Scroll to Top