Қарағанды облысында биылғы Наурыз мерекесі бұрын-соңды болмаған ауқымда әрі ерекше сән-салтанатпен тойлануда. Аймақтың барлық қала-аудандарында халықтық серуендер ұйымдастырылып, орталық алаңдар нағыз мерекелік думанға айналды. Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағы негізгі мерекелік ошақтардың біріне айналды. Мұнда каскадты алаң этноауыл кейпіне еніп, ұлттық нақыштағы киіз үйлер тігіліп, әрқайсысы қазақтың тұрмыс-тіршілігі, қолөнері мен асханасына арналды. Көрермендер үшін театрландырылған қойылымдар, айтыс пен концерттік бағдарламалар ұсынылды. Мереке «Қош келдің, Әз-Наурыз» атты әсерлі қойылыммен ашылды. Саябақ аумағында қолөнершілер жәрмеңкесі, сауда павильондары, фото-аймақтар мен ұлттық ойын-сауық орындары жұмыс істеді. Алтыбақан құрылып, жастардың көңілін көтерсе, балалар үшін арнайы ойын алаңдары мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Қазақ күресі, асық ату, арқан тарту, садақ ату сынды ұлттық спорт түрлері мерекенің ажарын аша түсті. Сахнада елімізге танымал өнер жұлдыздары өнер көрсетіп, мерекелік көңіл-күйді одан әрі жандандыра түсті. Сонымен қатар, жағалау бойындағы арнайы шатырда қолданбалы өнер көрмесі, тарихи-өлкетану музейінің көшпелі экспозициясы ұсынылды. Ерекше назар аудартқан аймақтардың бірі — робототехника мен жасанды интеллект жобалары көрсетілген заманауи технологиялар алаңы болды. Мұнда халықаралық жарыстардың жүлдегерлері өз жетістіктерін таныстырды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Наурыздың тек мереке ғана емес, адамды рухани жаңғыртатын кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл күн — бірлік пен өзара құрметті нығайтатын, ізгілікке бастайтын ерекше уақыт. Мерекеге келген тұрғындар мен қонақтар да өз әсерлерімен бөлісіп, ақжарма тілектерін жеткізді. Елордалық қонақ Еламан Қойшыбаев ұйымдастыру деңгейінің жоғары екенін айтып, мерекенің ерекше жылы атмосферасын атап өтті. Ал отбасымен келген тұрғындар Наурыздың шынайы қуаныш пен жаңару сыйлайтынын жеткізді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, мерекелік шаралар мұнымен шектелмейді. Наурызнама онкүндігі аясында өңір бойынша мыңнан астам іс-шара жоспарланған. Бұл бастамалар ұлттық дәстүрлерді дәріптеп, мәдени мұраны сақтауға бағытталған. Наурыз – өткен мен бүгінді жалғап, халықты бірлікке ұйыстыратын ұлы мереке екенін Қарағанды өңіріндегі думан тағы бір дәлелдеді.
Думанға толы Наурыз: Қарағанды жұрты қалай тойлап жатыр



