Алматы облысының көрікті мекендерінің бірі – Саты ауылы биыл да Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы мерекесін ерекше сән-салтанатымен атап өтті. Табиғаты тамсандырған таулы өңір бұл күні ұлттық рух пен берекенің ордасына айналды.
Саты ауылына қарасты «Құт», «Береке», «Алтын» ауылдары арасында қалыптасқан игі дәстүр бойынша Наурыз мерекесі жыл сайын кезекпен өткізіліп келеді. Биыл бұл мәртебе «Бесік» ауылына бұйырып, ауыл тұрғындары мен қонақтарға ұмытылмас мереке сыйлады.
Таңсәріден басталған думанды шара ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлерден бастау алды. Бұл жолы ауылдағы мекемелер де белсенділік танытып, әрқайсысы өз алдына киіз үй тігіп, ақ дастарқан жайды. Атап айтқанда, ауыл мектебі, ұлттық табиғи қорық қызметкерлері және шекара заставасы бөлек-бөлек наурыз көже пісіріп, келген жұртқа кеңінен дәм ұсынды. Әр дастарқанның өзіндік ерекшелігі болып, қонақжайлықтың жарқын үлгісі көрсетілді.
Әр үйдің төрінде бауырсақ пен ұлттық тағамдар ұсынылып, ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, бірлік пен татулықтың қадірін дәріптеді.
Мереке барысында қазақтың салт-дәстүрлері кеңінен насихатталды. Қыз қуу, арқан тартыс, көкпар секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жастардың ептілігі мен батылдығы сынға түсті. Әсіресе, ат үстіндегі ойындар көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Сахна төрінде ән мен күй төгіліп, жергілікті өнерпаздар мен жас таланттар өнер көрсетті. Домбыраның күмбірі мен ұлттық әндер мерекенің шырайын аша түсті. Бұл күн ауыл тұрғындары үшін тек думан ғана емес, өткенге тағзым, болашаққа сенім ұялатқан ерекше сәт болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кезекпен өткізу дәстүрі ауылдар арасындағы ынтымақты арттырып, жастарды ұлттық құндылықтарға жақындата түседі.
Биылғы Бесік ауылындағы Наурыз – бірліктің, берекенің және ұлттық рухтың айқын көрінісіне айналды. Келесі жылы эстафетаны басқа ауыл қабылдап, бұл дәстүр жалғасын таба бермек.



