Арзан бензин: уақытша жеңілдік пе, әлде болашақ дағдарыс па?

Желіде бөлісу

Қазақстан әлемдегі бензині ең арзан елдердің қатарына кіріп, тоғызыншы орынға жайғасты. GlobalPetrolPrices жасаған рейтингке сәйкес, елде АИ-95 маркалы бензиннің орташа бағасы литріне 0,509 доллар (шамамен 245,5 теңге) деңгейінде. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (1,37 доллар) бірнеше есе арзан.

Алайда бұл көрсеткіштер шынайы нарықтағы бағамен толық сәйкес келе бермейді. Қазақстандағы жанармай бекеттерінде АИ-95 бензині шамамен 315–320 теңгеден сатылып жатыр. Яғни ресми статистика мен нақты бөлшек баға арасында айырмашылық бар.

Рейтингте Қазақстаннан да арзан бензин сатылатын елдер қатарында Ливия, Иран, Венесуэла, Ангола, Кувейт, Алжир, Түрікменстан және Мысыр бар. Ал ең қымбат жанармай Дания, Малави және Гонконгта тіркелген.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы арзан бензин – нарық заңдылығы емес, мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Бұған дейінгі девальвациялардан кейін халықтың сатып алу қабілеті төмендеп, билік инфляцияны тежеу үшін жанармай мен коммуналдық тарифтерді қатаң бақылауға алған.

Экономист Исмаиловтың пікірінше, бағаны жасанды ұстап тұру екі негізгі тетік арқылы жүзеге асқан: біріншісі – жанар-жағармай бағасын тікелей реттеу, екіншісі – ішкі мұнай бағасын әлемдік деңгейден 5–6 есе төмен белгілеу. Бұл тәсіл қысқа мерзімде тиімді болғанымен, ұзақ мерзімде саланың дамуына кері әсер еткен.

Нәтижесінде мұнай өндіруші компаниялар табыстан қағылып, геологиялық барлау жұмыстары баяулады. Сонымен қатар, өндірістік міндеттемелерді орындамағаны үшін салынатын айыппұлдар қосымша қаржылық жүктеме түсіріп, өндіріс көлемінің төмендеуіне әкелді.

Сарапшы ескерткендей, егер мемлекет мұнай өндіру саласын қолдауға бағытталған нақты шаралар қабылдамаса, алдағы бес жылда жағдай күрделенуі мүмкін. Ел ішінде жанармай тапшылығы пайда болып, жұмыс орындары қысқарып, Қазақстан импортқа тәуелді бола бастайды.

Бұл жағдайда сырттан әкелінетін жанармай бағасы әлемдік нарыққа байланысты 2–3 есе қымбат болуы ықтимал. Оған қоса логистика шығындары қосылады.

Қорытындысында, бүгінгі арзан бензин – уақытша құбылыс болуы мүмкін. Егер жүйелі реформалар жүргізілмесе, Қазақстан «арзан әрі жеткілікті» кезеңнен «қымбат әрі тапшы» жанармай дәуіріне өту қаупімен бетпе-бет тұр.

Scroll to Top