Көкшетауда 160 млн теңге қолды болды

Желіде бөлісу

Ақмола облысында бюджет қаражатын ірі көлемде жымқыру схемасы әшкереленді. Мемлекетке келтірілген шығын 160 миллион теңгеден асты.

Облыстық Қаржылық мониторинг агенттігі департаментінің мәліметінше, бұл қаражат Көкшетау қаласында инженерлік желілерді салу мен абаттандыру жұмыстарына бөлінген.

2020 жылы қалалық құрылыс бөлімі осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін “TAU PROJEKT” және “СЭМ-СтройЭнергоМонтаж” ЖШС-мен келісімшарт жасаған. Мердігер компаниялар құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп, техникалық бақылауды қамтамасыз етуі тиіс болған. Алайда іс жүзінде олар қабылдау актілеріне толық орындалмаған, тіпті мүлде жасалмаған жұмыстарды да енгізіп отырған.

Құжат жүзінде Көкшетауда су бұру жүйесінің негізі салынып, арық блоктары орнатылып, кәріз-сорғы станциясы іске қосылған болып көрсетілген. Бірақ бұл мәліметтер шындыққа сай келмейді.

Тергеу барысында қалалық құрылыс бөлімінің басшысы жобадағы шешімдер мен нақты орындалған жұмыстар арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін біле тұра, жалған қабылдау актілеріне қол қойылуына жол бергені анықталған.

Соның нәтижесінде мердігер ұйымдарға қомақты бюджет қаражаты аударылған. Кейін бұл қаражат “MAZHERUS” және “Tamila Invest” ЖШС арқылы заңдастыру мақсатында қайта бөлінген.

Жалпы келтірілген шығын көлемі 160 миллион теңгеден асып отыр. Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда. Күдіктілердің бір бөлігі қамауда болса, енді біреулері үйқамақта отыр. Сот санкциясымен олардың мүлкіне — 10 автокөлікке, 3 жер теліміне және бір пәтерге тыйым салынды.

Scroll to Top