Қазақстанда бірқатар маңызды өзгерістер басталғалы тұр. 26 наурыз күні Қасым-Жомарт Тоқаев бірден үш заңға қол қойып, елдің экономикасы мен қауіпсіздігіне қатысты жаңа бағыттарды бекітті.
Ең басты құжаттардың бірі – Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауарлардың шығу тегін анықтаудың бірыңғай жүйесіне қатысты келісім. Бұл заң қазақстандық өнімдердің шетел нарығына шығуын жеңілдетіп, экспорт процесін анағұрлым ашық әрі ыңғайлы етеді. Енді тауар сертификаттарын тексеру электронды жүйе арқылы жүргізіліп, шетелдік серіктестер оны онлайн режимде бірден растай алады.
Сонымен қатар, Президент техникалық регламенттерді сақтау бойынша мемлекеттік бақылауға қатысты келісімге өзгерістер енгізетін заңды да бекітті. Бұл қадам ЕАЭО елдері арасындағы талаптарды біріздендіріп, кәсіпкерлер үшін түсінікті әрі ортақ ережелер қалыптастыруға бағытталған.
Үшінші маңызды құжат – түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге арналған келісім. Атап айтқанда, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында төтенше жағдайларға бірлесіп әрекет ететін азаматтық қорғаныс механизмі құрылады. Бұл жүйе табиғи апаттар мен төтенше жағдай кезінде зардап шеккен елге жедел әрі ерікті түрде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Қысқасы, қабылданған заңдар Қазақстанның сыртқы саудасын дамытуға, бақылау жүйесін жетілдіруге және халықаралық әріптестікті нығайтуға бағытталған нақты қадам болып отыр.



