Алматы облысының Есік қаласында топтық төбелес болып, жеті адам ұсталды. Полиция екі қылмыстық іс қозғады.
Оқиға 28 наурыз күні Еңбекшіқазақ ауданында болды. Бір топ ер адам төбелескен. Жағдай ушығып кеткендіктен, оқиға орнына келген тәртіп сақшылары ескерту ретінде аспанға оқ атқан.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Кадрларда атыс дыбыстары анық естіледі.
Алматы облыстық полиция департаменті басшысының тергеу жөніндегі орынбасары Рустам Абдрахманов мәліметінше, осы іс бойынша «Бұзақылық» және «Полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсету» баптары бойынша қылмыстық істер тіркелген. Жеті адам күдікті ретінде танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Полиция оқ ату ескерту үшін жасалғанын, басты мақсат – қоғамдық тәртіпті сақтау екенін айтты. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, әр қатысушының әрекетіне құқықтық баға беріледі.



